Жетісу саябағында қайырымдылық жарысы мен экологиялық акция ұйымдастырылды
Бастаманы Канаданың Қазақстандағы Елшісі Кристофер Дагган мырза қолдап, жарысқа қатысушыларды жылы қарсы алды
Астана, NEGE. Бүгін Астанадағы Канадалық халықаралық мектебінің оқушылары, ата-аналары және ұжымы үшін ерекше күн болды. Шуақты сенбі күні оқушылар, ата-аналар және мектеп қызметкерлері 2 шақырымдық Терри Фокс жүгіру марафонын өткізді. Осы шара аясында мектептің JUNO эко-арт клубының мүшелері Жетісу саябағында құстарға арналған үйшіктер орнатты. Бұл шаралар белсенділік және өзара қолдау атмосферасы орнаған Канада халықаралық мектебінің ерекше рухын айқын көрсетеді.
Бұл жүгірудің мақсаты - онкологиялық зерттеулер туралы қоғамның хабардарлығын арттыру. Бастаманы Канаданың Қазақстандағы Елшісі Кристофер Дагган мырза қолдап, жарысқа қатысушыларды жылы қарсы алды.
- «Терри Фокс жүгірісіне шақырғаны және ұйымдастырғаны үшін Астанадағы Канада халықаралық мектебіне алғыс айтқым келеді. Мен бұл шараға әлемнің әртүрлі елдерінде қатыстым және осында, Астанада қатысқаныма қуаныштымын. Біз бүгін канадалық белсенді Терри Фокстың мұрасын құрметтеу үшін жиналып отырмыз, ол қатерлі ісікке қарсы күресте батылдық пен адалдықты бейнелейді. Сондай-ақ Канаданың халықаралық мектебінің ұжымына Канаданың Қазақстандағы білімін алға жылжытқаны үшін алғыс айтқым келеді», - деді Канаданың Қазақстандағы Елшісі қызметіне тағайындалған Кристофер Дагган мырза.
Терри Фокстың құрметіне арналған жарыстар жыл сайын әлемнің әртүрлі елдерінде өткізіледі, тек Канаданың өзінде Терри Фокс жүгірісі арқылы жыл сайын онкологиялық зерттеулерге қаражат жинайтын 600-ге жуық қауымдастық бар. Терри Фокс – онкологиялық аурудан аяғынан айырылған канадалық спортшы және қоғам белсендісі. Ауруға қарсы күресін бүкіл Канада бойынша жүгіру марафоны арқылы білдірген Терри Фокс «Үміт марафоны» деп аталатын жүгіруін бастап, түскен қаржыны ауруға қарсы ем мен рак ауруларын зерттелуі туралы ақпараттың жұртшылықа таралуына бағыштады.
«Терри Фокс жүгірісі үмітті, табандылықты және қатерлі ісікке қарсы жаһандық күресті білдіреді. Біздің студенттер осымен екінші жыл осы жарыстың белсенді ұйымдастырушылары болып отыр. Бұл балалар үшін үлкен қуаныш және олардың пайдалы әрі маңызды іспен айналысуына тамаша мүмкіндік. Бүгін мектеп оқушылары волонтер ретінде шараны ұйымдастыруға белсене көмектесіп, марафонға қатысып, мектебіміздің музыкалық тобы жарқын атмосфера мен көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, бүгін шара қонақтары мен қатысушылары «Бірге қатерлі ісікке қарсы» қоғамдық қорына қаражат аудару мүмкіндігіне ие болды», - дейді Астанадағы Канадалық халықаралық мектебінің тәрбие жұмысының бас мұғалімі Әсел Күшекбаева.
Экологиялық бастама
Жарыс аяқталғаннан кейін Жетісу саябағында эко-белсенділер мен канадалық мектеп оқушылары өз күшімен жасаған құстарға жем салатын ыдыстарды іліп қойды. Бұл бастаманы мектептегі JUNO эко-арт клубы көтерді. Клуб мүшелерінің қатарында Кокушева Саида, Бақытқызы Мадина, Алибаева Аделина, Абенова Асылай бар. Мектеп оқушылары құстарға жем салатын ыдыстарды өздері жасап, саябаққа іліп, тамаққа толтырды.
«Суық мезгілде құстардың қорек табуын жеңілдеткіміз келді, сондықтан үйшіктер жасап, орнатуды жөн көрдік. Интернетте құстарға арналған үйшіктерді жасау бойынша қызықты мастер-класс тауып, оларды фанерадан жасадық. Біздің JUNO эко-арт клубында біз әртүрлі экожобаларды жүзеге асырамыз, өйткені біз қоршаған ортаны қорғау, экология және экологиялық білім беру проблемалары туралы айтуды және адамдардың назарын осы мәселелерге аударуды қажет ететін маңызды тақырып деп есептейміз,- деп Канада халықаралық мектебінің 11 сынып оқушысы Саида Кокушева өз пікірін білдірді.
Канада халықаралық мектебінің студенттері қайырымдылық, экологиялық, зияткерлік, шығармашылық және т.б. сияқты түрлі іс-шаралар мен бастамаларға белсене қатысады. Ал мектеп әкімшілігі оқушылардың бастамаларына әрқашан қолдау көрсетуге қуанышты.
«Біздің студенттер - нағыз бастамашы, қамқор және белсенді жандар. Бүгін олар екі іс-шараны – экологиялық және қайырымдылықты ұйымдастыруға белсене атсалысты. Мен директор ретінде балалардың экологияға, қайырымдылыққа және қоғам үшін шынымен маңызды басқа да бастамаларға қызығушылық танытқанына өте қуаныштымын. «Менің ойымша, біздің балаларымыз өз елінің лайықты адамдары және қамқор азаматтары болып өседі», - дейді Астанадағы Канада халықаралық мектебінің директоры Дмитрий Зеброфф.
Жетісу саябағында өткен іс-шаралардың соңында оқушылар мектептегі музыкалық үйірменің әндерін тыңдап, би билеп көңіл көтерді.
Естеріңізге сала кетейік, Canadian International School Astana 2022 жылы ашылған. Бұл Канаданың Британдық Колумбия провинциясында аккредиттелген Орталық Азиядағы жалғыз мектеп және екі диплом алуға мүмкіндік береді – қазақстандық және канадалық. Қазіргі таңда мектепте 147 оқушы білім алуда. Студенттер басқа салаларда жоғары оқу нәтижелері мен жетістіктерін көрсетеді. 2024 жылы 6 оқушы «Алтын белгі» құрметті төсбелгісі, 11 оқушы арнайы аттестат иегері атанды.