Жетісу облысындағы алғашқы жаңа форматтағы кітапхана Сарыөзекте ашылды
Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында жаңа екі қабатты кітапхана пайдалануға берілді. Бұл – Жетісу облысында арнайы салынған алғашқы заманауи кітапхана ғимараты. Нысанның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.
Астана, NEGE. Жаңа кітапхананың жалпы аумағы 1620 шаршы метр. Қорында 53 мыңнан астам кітап бар, ал тұрақты оқырмандар саны шамамен 5570 адамды құрайды.
Ғимаратта мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға, сондай-ақ ересектерге арналған бөлек оқу залдары қарастырылған. Бұдан бөлек, мультимедиа және IT-зал, медиатека, кітаптарды сканерлеп, цифрландыру кабинеті, кітап қоймасы, коворкинг орталығы мен мәдени іс-шараларға арналған зал бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бірінші қабатта негізгі оқу және қызмет көрсету залдары орналасқан. Мұнда компьютер мен интернетке қосылған мультимедиа залы жұмыс істейді. Тұрғындар eGov порталының қызметтерін өз бетінше пайдалана алатын арнайы бұрыш та ашылған.
Кітапханада 30 орындық өлкетану залы да бар. Онда Кербұлақ ауданының тарихы мен мәдениеті, осы өңірден шыққан белгілі тұлғалар туралы кітаптар және сирек басылымдар жинақталған.
Екінші қабат негізінен балаларға арналған. Мұнда компьютерлермен жабдықталған IT-зал, 56 орындық оқу залы және үйірмелер өтетін «Балауса» оқу кеңістігі орналасқан. Балалардың бос уақытын өткізуіне арналған коворкинг орталығы да жұмыс істейді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев кітапхананы жаңа әдебиеттермен толықтырып, балаларға интернет арқылы әлемнің түрлі елдеріндегі кітапханалардың электронды ресурстарын пайдалануды үйрететін мамандар тартуды тапсырды.
Бұған дейін Сарыөзектегі аудандық және балалар кітапханаларының жеке ғимараты болмаған. Олар ауыл әкімдігі мен Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ішінде орналасқан еді.
Жетісу облысында қазір барлығы 150 кітапхана жұмыс істейді. Олардың жанынан 128 клуб пен үйірме, 29 коворкинг орталығы ашылған. Өңірдегі кітапханалардың жалпы қоры 2,8 миллионнан астам кітапты құрайды.