Жетісу облысында жол апатына ұшыраған жедел жәрдем көлігіндегі науқас қайтыс болды

Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2025 жылғы 2 маусымда Текелі қаласында жедел медициналық жәрдем көлігі қатысқан жол-көлік оқиғасына қатысты тараған ақпаратқа байланысты ресми түсініктеме таратты.
Алматы, NEGE. Аталған күні кешкі уақытта «Көмек 103» қызметіне 1938 жылы туған қарияға қатысты шұғыл шақырту түскен. Науқастың жағдайы негізгі ауруының асқынуына – инсулинге тәуелді қант диабетінің декомпенсацияланған түріне байланысты аса ауыр болған.
Шақырту орнына дереу жедел жәрдем бригадасы жіберіліп, науқас шұғыл түрде жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізіліп жатқан кезде жол-көлік оқиғасы орын алған.
Оқиға орнына шұғыл түрде полиция қызметкерлері мен қосымша жедел жәрдем бригадалары жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендер Текелі қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. 1938 жылы туған науқас ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлердің барлық реанимациялық шараларына қарамастан, 22:40-та оның биологиялық өлімі тіркелді.
Басқарманың мәлімдеуінше, науқастың қайтыс болуына жол апатында алған жарақаттар емес, бұрыннан келе жатқан созылмалы ауруының асқынуы себеп болған.
Жол апатынан зардап шеккен өзге азаматтар да ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы – орташа ауыр, тұрақты. Бір науқас алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді. Барлық зардап шеккендер қажетті медициналық көмекпен толық қамтылған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті процессуалдық шаралар қабылданып жатыр. Іс құқық қорғау органдарының бақылауында.
Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайды өз бақылауында ұстап отыр.