21 Тамыз 17:01

ЖЕТІСУ облысында «ЖАННАН БЕЗГЕНДЕР» ғана жұмыс істей ме?

Фото:
Соңғы уақытта

Жетісу облысында түсініксіз оқиғалар көбейді. Жергілікті журналистердің айтуынша, облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ жұмыс істеу стилі ешқандай қалыпқа сыймайды екен. Әкімді «шыбық тимес шыңқ етер, дөрекі» деседі...

Шілденің басында Жетісу облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасына қарасты этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Ә.ОРАЛОВ суицид жасады. Ал өткен аптада полиция журналист Сандуғаш ДҮЙСЕНОВАНЫ шешіндіріп таспаға түсіріп, үстінен қылмыстық іс қозғады. Қоғам өре түрегелмегенде мұның соңы немен бітері белгісіз еді. Журналистің өзі «бұл істің артында Жетісу облысының әкімдігі тұр» деп есептейді.   

Алдымен өзінне-өзі қол жұмсаған мемлекеттік қызметкер Ә.ОРАЛОВ туралы. NEGE-нің ресми сауалына Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы бастығының міндетін атқарушы Е.САПАРОВТАН жауап келді. Ол «қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын» айтады.

Коллаж NEGE

Жетісу облысы прокурорының орынбасары Р.ӘМІРОВТЕН келген жауапта да «қылмыстық іс қозғалғаны, кінәлі тұлғалар анықталып жатқаны» сөз болады. Бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.

Жуырда осы іске қатысты Жетісу облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Е.ӘБДІКЕНОВТЕН кешігіп болса да жауап келді. Әбдікенов «қылмыстық іс бойынша барлық тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын» айта келе, «тергеп-тексеру деректерін Сізге жариялауға тиым салынған» деп қорытыпты.

Қылмыстық іс қозғалғаны, кінәлі тұлғалар анықталып жатқаны, басқарма басшысы А.БАШБАЕВТАН жауап алынғаны белгілі болды. Бұл істің сиырқұймышақтанып кетпеуін, кінәлілер жазасын алуын қоғам жіті қадағалауы керек. NEGE порталы да бұл істі бақылауда ұстайды.

Енді журналист Сандуғаш ДҮЙСЕНОВА туралы. Біз әріптесіміздің әкімдікті кінәлаған мәлімдемесінен соң Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВТЫҢ атына ресми сауал жолдағанбыз. Онда төмендегідей сұрақтар болды:

Құрметті Бейбіт Өксікбайұлы!

Жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенованың үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейіннен ол іс қысқартылды. Журналист С.Дүйсенова өз сұхбатында (https://www.youtube.com/watch?v=5mk3EhSSU48) «мұның артында жергілікті билік тұр» деп есептейтінін айтты.

Осыған байланысты Сізге төмендегі сауалдарды жолдаймыз:

1. Журналисті қудалауға, үстінен қылмыстық іс қозғатуға Сіздің ықпалыңыз болды ма?

2. С.Дүйсеноваға қатысты істі қадағалап отырсыз ба?

3. Журналист Дүйсенованың жұмысын қалай бағалайсыз?

4. Жетісу облысында журналистерге қысым күшейгенін немен түсіндіресіз?

5. Облыстық әкімдіктің құрылысын жүргізіп жатқандар Сіздің достарыңыз екені рас па?

6. Облыс әкімдігінің резиденциясында Сіздің туыстарыңыз, қайын жұртыңыз апталап жататыны шындық па?

7. Әкімдік қызметкерлері арасындағы моральдық ахауал қандай?

8. Президенттің туған ауылында үлкен мешіт салынатыны рас па?

9. Мешіт салуға президент рұқсат берді ме?

10. Президентпен туыстық қарым-қатынасыңыз бар ма?

Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы – баспасөз хатшысы Р.ҚАНАПИЯНОВТАН бас-аяғы жоқ шолақ жауап келді. Егер әкімнің өзі осылай деп жауап беріп, Қанапиянов қол қойса, онда әкімнің «шыбық тимес шыңқ етер» екені рас болғаны. Ал егер баспасөз хатшысының өзі «сүйкей салса», онда бұл Қанапияновтың жауапсыздығын көрсетеді. Мынадай баспасөз хатшысы бар, өзі басқаратын өңірдегі белсенді журналистердің жұмысына «қызықпайтын» әкім Бейбіт Исабаевтың ұзаққа бармасы анық...

«Исабаев келгелі жетісулықтардың басынан бұлт кетпейтін болды, рушылдық пен жершілдік өршіді» деп жүргендер бірдеңені біліп айтатындай. Бас-аяғы бірер айда түрлі оқиғалар болды: Исабаевпен арадағы әңгімеден соң Талдықорғанның бұрынғы әкімі Масабаев ауруханаға түсті де, артынша қызметінен кетті.

Жетісу облысынан кадр қашып жатыр.

Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Ә.Оралов суицид жасады.

Журналист С.Дүйсенованы тырдай шешіндіріп камераға түсірді, үстінен қылмыстық іс қозғады.

Сонда қалай болғаны, Жетісу облысында не «жаннан безгендер», не облыс әкімінің қолайына жағатындар ғана жұмыс істеуі керек пе?

Тегтер: