14 Ақпан 13:44

«Жертөлелерде мыңдаған мәйіт жатыр...» – Киев тұрғыны Татьяна Кравчук

Соғыс
Фото: AP

Осыдан екі жыл бұрын Ресей Украинаның аумағына басып кіріп, соғыс ашқан еді. Содан бері қаншама бейбіт тұрғын қаза тауып, жазықсыз адамдар жапа шекті. Соған қарамастан соғыс отының өшетін түрі жоқ. Ресей-күннен күнге шабуылды үдетіп жатқан көрінеді. Бұл туралы NEGE тілшісіне Киев тұрғыны Татьяна Кравчук кеңірек әңгімелеп берді.

– Ресейдің Украинаға соғыс бастағанына 2 жыл болып қалыпты. Дәл қазіргі жағдай туралы айтып бересіз бе? 

– Соғыс әлі созылып жатыр. Ешкім келісімге келер емес. Біз жеріміздің әр бұрышын қорғау үшін күресуге тырысып жатырмыз. Алайда, Путиннің мақсаты – тек Украина ғана емес екені анық. Ол соғысты тоқтатпайтыны қазірдің өзінде белгілі. Бізден кейінгі кезекте поляктар, эстондар, латыштар тұрғанын Еуропа өте жақсы түсінеді. Бұл зұлымдықты тоқтату мүмкін болмай тұр. Бәрі қорқады, шын мәнінде біз біріксек қана жеңуге болады. Біз берілмейміз, ол тоқтамайды. Оны тек өз халқының наразылығы, көтерілісі ғана тоқтата алады. Тіпті болмаса, оның орнына басқа біреу келуі керек, басқа амал жоқ. Путин наурызда болатын президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Ол әлі де Ресейді уысында мықтап ұстағысы келеді.

Киев
Татьяна Кравчук. Фото: Т.Кравчуктің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Әңгіме ақшада емес, бізге қару-жарақ, құрал-жабдықтар, ең алдымен ұшақтар керек. Бірақ өкінішке қарай, бермейді. Олар соғыстың жоспарын, әрекет барысын өзгертуі мүмкін. Біз қару-жарақ шығаратын зауыт сала алмаймыз, себебі бомбаның астында қалдық. Қазірдің өзінде Мариуполь қаласының күл-талқаны шыққан. Бұл – елес қалаға айналды. Енді қазір Херсон мен Харьков, Сумы қалаларын дамылсыз жарып жатыр. Көшелер түгел өртке оранған.

– Украинаның экономикасы құлдырап кеткен жоқ па? Халықтың әлеуметтік жағдайы қалай?

– Экономика қатты зардап шекті. Әйтеуір қалт-құлт етіп тұр. Зейнеткерлерге қиын, елде банкротқа ұшырағандар көп. Шама келгенше, өмір сүріп жатырмыз. Кәсіпорындарда жұмыс істейтін адам жоқ. Кейбірі отанын қорғауға қызмет етіп жүрсе, көбі елден кетіп қалды. Экономика құлдыраған соң, халықтың жағдайы да мәз емес. Олар соғыстың ертерек біткенін тілейді.

– Зеленскийдің енді не істейтін ойы бар? Үкімет қандай шараларды қолға алып жатыр?

– Зеленский әдеттегідей, көмек сұрап отыр. Таяуда ғана президент әскери саладан жаңа жүрісті көргісі келді ме, қарулы күштердің басшылығын ауыстырды. Генерал Валерий Залужныйды қызметінен босатып, бұған дейін Украина Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің қолбасшысы болған Александр Сырскийді осы лауазымға тағайындады. Бас штаб пен әскери бөлімшелердің басшылығы өзгерді. Бас қолбасшы Александр Сырский ZDF неміс телеарнасына берген сұхбатында қару-жарақтың жеткіліксіздігін ашық айтып, Украина қарулы күштерінің болашағы Киевтің батыс елдері одақтастарының қолдау деңгейіне байланысты болатынын жеткізді.

«Бізге оқ-дәрі мен техника жетіспейді. Қолданыстағы қарудың да физикалық жарамдылық мерзімі бар. Кез келген оқпен белгілі бір мөлшердегі снарядтарды атуға болады, содан кейін оны ауыстыру керек», – деді ол.

Главком
А.Сырский. Фото: АР

– Украина президенті Владимир Зеленский әскери жағдай мен жалпы мобилизацияны 2024 жылдың 13 мамырына дейін ұзарту туралы заңға қол қойды. Соғысқа қатысатын азаматтар саны да азайып кетті ме?

– Әлбетте, мобилизацияның ұзартылғаны қисынды. Себебі, соғыс біткен жоқ, қосымша адамдар мен ресурстар қажет. Қазір Харьков пен Павлоградта ғана емес, Украинаның жартысында соғыс болып жатыр, жарылыс даусының дамылдайтын түрі жоқ. Бұл – қандықол Ресейдің ғана істеп отырған жауыздық әрекеті.

«Ресей Украинадағы соғысқа Непалдың 15 мың адамын жалдады» деген ақпаратты оқыдық. Жалпы, Ресей әскерін тағы кімдермен толықтырып жатыр?

– Біз жалдамалылар туралы үнемі естиміз. Бұл түсінікті ғой, бүгінде кез келген адамды ақшаға жалдай аласыз. Сондықтан Ресейдің әскерді сырттан да алдыртатыны жаңалық емес.

– Такер Карлсонның Ресей президентінен алған екі сағаттық сұхбаты бүкіл әлемде үлкен реакция тудырды. Бұл сұхбат Путиннің соғысты жалғастыруға дайын екенін көрсетті. Бұған Украина халқының көзқарасы қандай?

– Оның соғысты тоқтатпайтыны, жалғастыра беретіні бұған дейінгі әр сөзінен, пікірінен белгілі болып қалды ғой. Украинаға деген өшпенділігінде шек жоқ. Екі жылда қанға батырды. Келіссөз жүргізуге мойын бұрар емес, біз де берілмейміз. Мына сұхбатта да соны масаттана отырып жеткізді. Бәлкім, бұл жауабын Украина халқына құлаққағыс ретінде айтқан шығар. Бізді оңай беріле салсын дей ме екен, кім білсін? Бірақ соғысты бастаған біз емес. Біз – өз үйіміздеміз. Біз Отанымыздан ешқайда қашпаймыз, ешкімге бермейміз!

Соғыс
Фото: ғаламтордан

– Соғыс басталғалы екі жақтан қанша адам қаза тапты?

– Бір ғана Мариупольде 20 мыңға жуық бейбіт тұрғын қаза тауып, 11 мыңнан астам азамат Ресей жеріне күштеп жеткізілген. Бұл қала кәдімгі зиратқа айналды. Жалпы, Украинада қаза тапқандар туралы нақты статистика жоқ. Әртүрлі сандар айтылады. Алайда, Еуропа елдерінің деректеріне сәйкес, Украина аумағында 200 мыңнан астам адам қаза тауып, жараланған. Бірақ бұл көрсеткіш қазірдің өзінде екі есеге өсті деуге болар.

АҚШ Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) былтыр наурыз айында Ресей мен Украина арасындағы соғыстан келген шығын тарихта бұған дейінгі болған соғыстардан асып түсті деген болатын. CSIS бағалауы бойынша, 2023 жылы Украинадағы ресейліктердің қаза тапқандар мен жараланғандардың жалпы шығыны 200-250 мың адам болса, 60-70 мыңы қаза тапты делінген.

Шын мәнінде, бізде құрбандар саны көбейіп барады. Ресей әскерлері түнде шабуыл жасап, ұйқтап жатқан бейбіт тұрғындарды қыруға көшті. Бір сөзбен айтқанда, Путин Украинаны қанға бөктіріп жатыр. 10 ақпанға қараған түні Харьковке ресейлік ұшқышсыз ұшақтардың шабуылы кезінде жанармай құю бекеті жарылды. Салдарынан 14 үй әп-сәтте өртке оранып, тұрғынның көбі тірідей өртеніп кетті. Соның ішінде Путятиндер отбасынан бес адам көз жұмды. Үш баласының үлкені – 7 жаста, одан кейінгісі – 4 жаста және кенжесі – 10 айлық. Бұл – өте ауыр трагедия. Қаншама жазықсыз адамдар ажал құшып жатыр. Олардың өмірін күл-талқан еткен Путинге лағынет демеске лаж жоқ.

Жақында Мариуполь туралы жаңа фильм шығыпты. Трагедияның тірі қалған куәгерлері қайтыс болған 20 000 санды 10-ға көбейту керек депті. Тіпті, Украина билігі қайғылы оқиғаның ауқымы туралы үндемейді. Ондағы жертөлелерде мыңдаған мәйіт жатқанын біледі ғой...