Жерлеу мен зиратты күтіп ұстаудың жаңа ережесі бекітілді
Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Азамат Әмрин Қазақстанда жерлеу мен зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру жөніндегі үлгілік қағидаға өзгеріс енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.
Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, жерлеу мен зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру қағидасын осы үлгілік қағидаларға сәйкес жерігілікті атқарушы органдар әзірлейді. Қағиданы әзірлеу барысында елді мекендер аумағының, оның құрылыс ерекшеліктері, тарихи-мәдени мұра, діни мақсаттағы объектілер және табиғи ландшафт ескерілуге тиіс.
Құжатта жерлеу және колумбарий үшін орын бөлу тәртібі, қайтыс болған адамдардың сүйегін жерлеу тәртібі, зираттар мен колумбарийлерді жобалау және салу тәртібі, жерлеу орындарын, колумбарийлерді абаттандыруды және оларды күтіп ұстау тәртібі қамтылуы керек.
Ережеге сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қайтыс болған тұрғынды немесе сол елдімекенде қайтыс болған тұрғылықты жері белгісіз адамды жерлеу үшін кемінде алты шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар зиратқа және колумбарийлерге арналған жер учаскелерін есепке алу деректерін тіркейді; жерлеу, зират қорымдары мен колумбарийлерді күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету жөніндегі шарт талаптарының сақталуын бақылайды.
Туыссыз адамдарды жерлеу бюджет қаражатының есебінен жүргізіледі.
Кремация мен колумбарийлерге қойылатын талаптар
Құжатта кремация және күлді жерлеу тәртібі де қарастырылған.
«Кремациядан кейінгі күлді урналарға жерлеу колумбарийлерде немесе қабірлерде іске асырылады», – делінген құжатта.
Ереже бойынша, қайтыс болған адамдардың күлі бар урналарды жерлеуге арналған колумбарийлер мен еске алу қабырғалары арнайы бөлінген жер учаскелерінде орналастырылады.
Колумбарийлер мен еске алу қабырғаларын тұрғын үйлерден, емдеу, балалар, білім беру, спорттық-сауықтыру, мәдени-ағарту мекемелерінің, бау-бақша серіктестіктерінің, коттедждік құрылыстардың, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мекемелерінің аумақтарынан кемінде 50 метр қашықтықта оқшауланған жер учаскелерінде және зират қорымдарының аумағынан тыс жерлерде орналастыру мінтеттелген.
Колумбарийлер зират қорымдары орналасқан және оларға арналған ортақ пайдаланылатын жерлерде орналастырылады. Күлі бар урнада қайтыс болған адамның тегі, аты, әкесінің аты және кремацияның тіркеу нөмірі көрсетіледі.
Колумбарийдің ұяшықтары бар қабырғалар ашық аспан астындағы зираттарда орналасқан ашық және ғимараттардың ішіне орналастырылған жабық түрі болады.
Жақын туыстардың қатар жерленуіне қойылатын талап
Жақын туыстарының немесе жұбайының жазбаша өтініші бойынша жергілікті атқарушы органға немесе қаладағы аудан әкімінің аппаратына қайтыс болған адаммен жақын туыстығын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда, қайтыс болған адамды немесе оның сүйегін бұрын қайтыс болған жақын туысының не жұбайының жанында жерлеу көрсетілген жерлеу, егер сол жерде бос жер учаскесі, бұрын жерленген туысының зираты немесе колумбарийдағы тауашасы болған кезде қамтамасыз етіледі.
Қайта жерлеуге қойылатын талап
Қайтыс болған адамдарда аса қауіпті инфекциялық ауру (күйдіргі, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы) болмаған жағдайда, жерленген сәтінен бастап алғашқы екі апта ішінде кейіннен үш жылдан ерте емес, ал құмдауыт жерлерде кемінде бір жылдан ерте емес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның келісімімен сүйектерді қайта жерлеуге рұқсат етіледі.
Қабірлерді жобалау және салу
Ережеге сәйкес, қабірлердің учаскелері арасындағы қашықтық ұзын жақтары бойынша кемінде 1 метр, ал қысқа жақтары бойынша кемінде 0,5 метр болуы керек.
Қабірдің тереңдігі топырақтың сипатына және топырақ асты суларының деңгейіне байланысты белгіленеді және жер бетінен табыттың қақпағына (бар болған жағдайда) дейін кемінде 1,5 метр болады.
Барлық жағдайларда қабірге арналған белгі жер асты суларының деңгейінен 0,5 метрге жоғары болады.
Аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болғандар үшін қабірдің тереңдігі 2 метр деңгейінде белгіленеді, бұл ретте түбіне кемінде 10 сантиметр қабатпен хлорлы әк салынады;
әрбір қабірдің жер бетінен 0,5 метрге биік үймесі болады. Қабір үсті төмпешігі қабірді атмосфера суларынан қорғау үшін оның шеттерін жауып тұруы тиіс.
Бұйрық 2026 жылғы 24 қаңтардан бастап күшіне енеді.