Жеңіс күнін 9 мамырда атап өту тарихын білесіз бе?

Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты құнды тарихи құжаттар сақталған.
Алматы, NEGE. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млн 200 мың жауынгер аттанып, оның жартысы қайта оралған жоқ. 700 мың адам еңбек әскері мен арнайы құрылыс бөлімдеріне шақыртылды. Соғысқа қатысқан 100 мыңнан астам жауынгер орден, медальдармен марапатталды. Ал 500 астам қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Одан бөлек республика экономикасы әскери қажеттеліктерді өтеді.
Қазақстан әскери өнеркәсіпке қажетті мыс, қорғасын, висмут, молибден, полиметалл өндірісінде жетекші орынға ие болды. Еліміздің ауыл шаруашылығы майданды азық-түлікпен, шикізатпен қамтамасыз еткен. Соғыс жылдарындағы құжаттар архивтің оқу залына келген отандық және шетелдік зерттеушілердің арасында сұранысқа ие.
Қазақстан Республикасы президентінің архивінің кітапханасында соғыс жылдарында жарық көрген газет-журналдар да сақталған. Оның ішінде 9 мамыр күнін Жеңіс мерекесі деп жариялау туралы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы жарияланған баспасөз басылымдары сақталған.
«Правда» газетінің 1945 жылдың 9 мамырындағы №110-шы санында жарияланған Қаулыда былай делінген: «9 мамыр күнін Жеңіс мерекесі деп жариялау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысы Неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізген Кеңес халқының Ұлы Отан соғысын жеңіспен аяқтағаны құрметіне және сөзсіз тізе бүккенін мойындаған Гитлер Германиясын толық талқандаумен аяқтаған Қызыл Армияның тарихи жеңісінің құрметіне 9 мамыр бүкілхалықтық салтанат күні – Жеңіс мерекесі болып белгіленсін. 9 мамыр жұмыс істемейтін күн болып есептелсін. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы М.Калинин КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы А.Горкин. Мәскеу, Кремль 1945 жылғы 8 мамыр».
9 мамыр 1948 жылға дейін ғана күнтізбеде демалыс күні болып белгіленген. Себебі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен 9 мамыр жұмыс күні болып бекітілді. Кеңес халқы 9 мамыр жұмыс күні болса да, оны соғыс ардагерлерімен бірге атап өтуге тырысқан.
1965 жылы 26 сәуірде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығына орай 9 мамыр қайтадан демалыс күні болып жарияланды. Қазақстанның мерекелер туралы заңына сәйкес, 9 мамыр – Жеңіс күні деп белгіленіп, жұмыс күні емес екендігі жарияланған. Жыл сайын Жеңіс мерекесінде арамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, соғыста қаза тапқан ата-бабамызды еске аламыз. Ер есімі – ел есінде мәңгі сақталатыны хақ, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды.
Дайана Тоқбергенова,
ҚР Президенті Архивінің қызметкері