26 Тамыз 09:11

Жеңіс Қасымбектің қасында ЛГБТ өкілдері бар ма?

Фото:

29 шілде күні Қарағанды қаласында ЛГБТ өкілдері жиын өткізбекші болып, соңы дауға ұласқанын ұмытпаған боларсыз, құрметті оқырман? Осы мәселеге байланысты 6 тамызда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің атына ресми сауал жолдағанбыз.

Облыс әкімінің жеке өзіне жолданған ресми сауалда төмендегідей сұрақтар бар еді:

1. ЛГБТ өкілдерінің жиыны өтетінінен хабардар болдыңыз ба?

2. Ұйым өкілдері жиын өткізуге әкімдіктен немесе басқа да құзырлы органнан рұқсат алды ма?

3. Карантин қатаңдатылған кезде жүздеген адамды жиып, жиын өткізуге рұқсат берген тұлға кім?

4. ЛГБТ өкілдері жиынын не себепті мемлекеттік орган ғимаратында өткізбек болды?

5. Қарағанды облысы әкімдігінің аппаратында ЛГБТ өкілдері бар ма?

ЛГБТ-ға Қарағандыдағы қарсылық.

Облыс әкіміне жолданған ресми сауалға әкім Ж.Қасымбектің өзі түгілі, ішкі саясатқа жауапты орынбасары А.Нүкенов емес, тіпті Қарағанды қаласының әкімі Е.Бөлекбаев та емес, қала әкімінің орынбасары Х.Әкімжанов жауап берді.

Қала әкімдігінің ресми сайтынан Х.Әкімжановтың ауыл шаруашылығы, инвестициялар, шағын және орта бизнеске жауапты екенін көріп, «е, Қарағандыда ЛГБТ дегеніңіз – шағын және орта бизнес, тіпті инвестиция екен ғой» деген ой түюіңіз мүмкін.

Олай ойлауға ешқандай шектеу жоқ. Өйткені Әкімжановтың жетекшілік ететін салалары осы. Ал енді «Қарағандыда ЛГБТ қалай шағын және орта бизнеске немесе инвестицияға айналды?» деген сұраққа әзірге біз де жауап таппадық.

Сонымен, Х.Әкімжановтың жауабы төмендегідей:       

1. ЛГБТ өкілдерінің жиыны өтетінінен хабардар болған жоқпыз.

2. Ұйым өкілдері жиын өткізуге әкімдіктен немесе басқа да құзырлы органнан рұқсат алған жоқ.

3. Қарағанды қ. және Қарағанды облысы Covid-19 жұқтыру саны бойынша «қызыл» аймаққа кіргеніне байланысты, Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, адамдардың жаппай жиналуына байланысты іс-шараларды ұйымдастыруға, өткізуге және баруға тыйым салынады.

4. ЛГБТ өкілдері 5-қабаттағы жеке тұлғадан үй-жайды өз бетінше жалға алды.

5. Қарағанды облысы әкімінің аппаратында ЛГБТ өкілдері жоқ.

Қарағанды облысының әкімдігі.

Қала әкімінің орынбасары Х.Әкімжанов «Қарағанды облысы әкімінің аппаратында ЛГБТ өкілдері бар ма?» деген сұраққа мүдірместен: «Қарағанды облысы әкімінің аппаратында ЛГБТ өкілдері жоқ» деп жауап беріпті. Ал енді мұны қалай түсінсеңіз де, еркіңіз. Қала әкімінің «шағын және орта бизнеске жауапты» орынбасары облыс әкімдігінде не болып жатқанын қайдан біледі?  

Ал біз Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке «Облыс әкімі аппаратында ЛГБТ өкілдері бар ма?» деген сұрақтың жауабын Әкімжанов айтқан «5-қабаттағы жеке тұлғадан» сұрау керек екенін ескертеміз... 

Тегтер: