Жемқорлық туралы хабарлаған қазақстандықтарға 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы берілмек
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру тәртібі өзгерді. Тиісті өзгеріс Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 5 тамыздағы бұйрығымен енгізілді.
Астана, NEGE. Сыйақы мөлшері параның немесе келтірілген шығынның көлеміне қарай есептеледі. Қарастырылған ең жоғары төлем мөлшері бойынша азамат 17,3 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады. Бұл сома қолданыстағы нормативтер мен 2026 жылға белгіленген АЕК мөлшері негізінде есептелген.
Бұл ретте сыбайлас жемқорлық фактілері туралы басшылыққа немесе уәкілетті органдарға міндетті түрде хабарлау лауазымдық міндеттеріне жүктелген мемлекеттік қызметшілерге ақшалай сыйақы қарастырылмаған. Олар мақтау қағазымен немесе алғыс хатпен марапатталады.
Өтініш түскеннен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды іске асыратын орган 10 жұмыс күні ішінде қажетті құжаттарды ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне немесе аумақтық органға жібереді.
Материалдарды алғаннан кейін Қызмет немесе аумақтық орган бес жұмыс күні ішінде олардың толықтығын және белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Одан кейін материалдарды арнайы комиссия қарайды.
Егер комиссия ынталандыру туралы шешім қабылдаса, ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі немесе аумақтық орган басшысы бір жұмыс күні ішінде тиісті бұйрық шығарады. Бұл бұйрық біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге, сондай-ақ грамота беруге немесе алғыс жариялауға негіз болады.
Ақша бұйрық шыққаннан кейін бір ай ішінде өтініш берушінің банк шотына аударылуға тиіс.
Біржолғы сыйақы мөлшері белгіленген тәртіпке сәйкес сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаны қарау жағдайлары мен нәтижелеріне байланысты айқындалады.
Жаңа ережелер биылғы 22 тамыздан бастап күшіне енеді.