Желтоқсандағы кішкентай «көтерілісшілер»

Таңертеңгісін Telegram әлеуметтік желісінің Jexen News аккаунтында қызық бейнежазба жарық көрді. Артынша бұл видео желіде жедел тарап, елдің қызу талқысына түсті.
Бейнежазбада балабақшадағы балапандар дауыстары сыңғыр-сыңғыр етіп, қойылым қойып жатыр. Тақырыбы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Бір топ бала қолдарына кішкентай транспарант ұстап, «ереуілде» тұр. Оларға қарсы тағы бір топ бала полицейлерше киініп алып, қарсы бетке «Тараңдар! Тараңдар!» деп доқ көрсетіп қояды. Қойылымнан тыс жүргізуші (тәрбиеші апай) 86-ның желтоқсанында алаңда болған көтерілісті суреттеп қояды. Бір кезде «ереуілші» топ «Долой, Колбин!» деп ұрандай бастады. Қолдарына автомат ұстап алған «полицейлер» оларға тап беріп, шетінен «тұтқындады...»
Парақша иесі бұл әрекетті түбін түсіре сынапты. Желіде жел тұрғыза тарап бара жатқан соң, көп ұзамай Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мен білім басқармасынан ресми хабар шықты.
Ғалымұрат Жүкел «Желіде балабақшада түсірілген ролик тарап жүр. Біз бұл оқиғаның облысымыздағы жекеменшік балабақшада түсірілгенін анықтадық. Мектеп жасына дейінгі тәрбие беру бағдарламасына сай, мұндай іс әрекет құпталмайды және рұқсат етілмейді. Мекеме құрылтайшысы мен әдістемешісі аудандық білім бөліміне түсіндірме жұмысын жүргізу үшін шақыртылды» деп жауап берді.
Ал, Алматы облыстық білім бөлімінің басшысы Дәурен Жүнісов болса, бұл оқиғаға қатысы бар тұлғаларды қатаң жазалайтынын айтыпты. Ол өз сөзінде «Желіде жүрген видео 2019 жылдың 12 желтоқсанында, Алматы облысы Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы «Бал Бұтақ» жекеменшік балабақшасында түсірілген. Аталмыш бақша «Бал бұтақ» ЖШС-не қарасты жекеменшік мекеме. Бейнежазбадағы көрініс балабақша мамандарының өз ынталарымен жасалған дүние. Қазіргі таңда балабақша құрылтайшысы мен әдістемешісі Талғар аудандық білім бөліміне шақыртылып, олармен түсіндірме жұмысы жүргізілді. Бұдан өзге, мен өз атымнан осындай әрекеттерге жол берілсе, жауапты адамдарға қатысты ең қатаң шара қолданылатынын ескерткім келеді», – деген.
NEGE.KZ