25 Тамыз 14:51

Жекеменшік балабақша саны артып келеді

Фото:

Бақытжан Сағынтаев дәстүрлі тамыз кеңесінде балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен қамтамасыз ету шаралары туралы айтты. 

Алматы, NEGE. «Біз қазірдің өзінде мектепке дейінгі салаға жеке секторды тартудың жақсы үрдісін көріп отырмыз. Бұл жеке инвесторлар арасында жүргізілген белсенді түсіндіру жұмыстарының, сондай-ақ қала әкімдігінің айтарлықтай қолдауының арқасында мүмкін болды», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазір қалада барлығы 860 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 22%-ы немесе 189-ы мемлекеттік меншікте. Бүгінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі 69 490 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған, оның ішінде 3 жастан 6 жасқа дейінгілер - 63 920 бала.

Әкімнің айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы өткен жылмен салыстырғанда 10 244 орынға ұлғайтылды. Оның ішінде ағымдағы жылы ашылған 4 378 орынды 67 жаңа жеке балабақша да бар.

«Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту және балабақшалардағы кезекті азайту мақсатында өткен жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жаңадан ашылған жекеменшік балабақшалардың тамақтану құнын жергілікті бюджет қаржысы есебінен субсидиялау механизмі енгізілді», - дейді әкім.

Биыл жылы жергілікті бюджеттен азық-түлік шығындарын өтеуге 343 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылды.

«Жаңа балабақшалар салынып жатыр. Бүгінде Бостандық және Наурызбай аудандарында 360 орынды 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды және Түрксіб ауданында 280 орынды балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Жақын арада 1 920 орынды тағы 10 мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның құрылысы басталмақ. М.Әуезов ауданында ұзақ мерзімді жалға беруден қайтарылған әрі күрделі жөнделіп, сейсмикалық күшейтілген 315 орынды мемлекеттік балабақша балаларды қабылдауға толық дайын. Сонымен қатар, 640 орынды бұрынғы мемлекеттік балабақшалардың 2 корпусына қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады», - деді мегаполис басшысы.

Бұдан өзге, әкімдік Алмалы, М.Әуезов және Жетісу аудандарында әрқайсысы 320 орынға есептелген тағы 4 балабақшаны сатып алады.

Тегтер: