Жедел жәрдем шақырушылар азайды
Ақтөбеде соңғы аптада өкпе қабынуы дертімен ауруханаға түскендер саны азайды.
Алматы, NEGE. Ақтөбе облысы бойынша провизорлық стационарларда 1600 адам өкпе қабынуы дертінен ем қабылдап жатыр.
Қосымша 1200-ден астам кереует дайын тұр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманованың айтуынша, осы айдың алғашқы онкүндігінде тәулігіне 200-250 адам ауруханаға жатқызылса, бүгінде 50-60 адам түседі.
«Жедел жәрдем шақыру 4-5 есеге азайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Карантин ережесін сақтағандықтан осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Адамдар маска тағып, қорғанып жүруді әдетке айналдырды», – деді Светлана Есенаманова.
Айта кетейік, Ақтөбедегі провизорлық орталықтарда дәрі-дәрмектің 20 күндік қоры бар. Қазіргі уақытта гуманитарлық көмек те жеткізіліп жатыр.