5 Ақпан 12:16
...

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүние салды

Фото:

Белгілі классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов өмірден өтті. 

Алматы, NEGE. Белгілі классик жазушы, ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 

1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында туған. Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.

Қуатты қалам иесінің жазып жүрген естеліктері де көркем мемуарға жаңа леп әкелді. Қаламгердің жанкештілігі сондай, дүние жүзіне әйгілі шығармаларының өзін әр басылымы сайын қатаң сын тезіне салып, ұштап, сүргілеп, қырнап, мінеп отырады. Бұл – көркем сөз құдыреттілігі алдында бас ию деген сөз. Әдебиетке сүйіспеншілікті, ар ісіне берілгендікті ұлы Абай айтқан «жар ісіне» теңгеру, «қорлығына», «мазағына», “азабына көну”. Әдебиеттің жауапкершілігі зор дүние екендігін байыбына бара түсінгендік болып табылады.

«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.

Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.

Тегтер: