3 Мамыр 13:23
...

Жазғы демалыста қайда баруға болады? Қазақстанда демалуға арналған үздік 5 орын

Қазақстан
Фото: gov.kz

Жазғы демалыс маусымы жақындаған сайын туристер табиғатты, мәдениетті, жайлы инфрақұрылымды біріктіретін бағыттарды іздей бастайды.

Алматы, NEGE. Қазақстанда жазғы туризмді дамыту үшін түрлі мүмкіндік бар. Назарларыңызға елдің экотуризм және танымдық бағыттар әлеуетін ашатын ТОП-5 бағытты ұсынамыз.

1. Катонқарағай, Шығыс Қазақстан облысы

Катонқарағай ұлттық паркі — Қазақстанда Green Destinations халықаралық тізіміне енген алғашқы аумақ. Өңір көркем табиғатымен, биік тауларымен, көлдерімен, емдік бұлақтарымен танымал. Туристер Язевое көліне, Белуха тауына, «Рахман қайнары» қорық аймағына және Шүкір Шайжүнісов музейіне баруына болады. Бұл өңір экотуризм, альпинизм және сауықтыру туризмі үшін өте қолайлы орын саналады.

2. Қорғалжын қорығы, Ақмола облысы

Қорғалжын — қоқиқаздарды табиғи мекенінде көруге болатын әлемдегі сирек орындардың бірі. Жазда қорық көлдеріне мыңдаған жыл құсы ұшып келеді. Бұл бағыт орнитологиямен айналысатындар мен табиғат тыныштығын қалайтын туристер арасында танымал.

3. Алтынемел ұлттық паркі, Жетісу облысы

Алтынемел — табиғи алуантүрлілік пен мәдени мұра тоғысқан ірі туристік орталықтардың бірі. Паркте заманауи визит-орталық жұмыс істейді. Туристерге бағыттар бойынша ақпарат беру, қызмет көрсету, навигациялық қолдау ұсынылады. Басты нысандардың қатарында — «Айғай құм», Ақтау таулары мен Тамғалы-Тас петроглифтері бар. Бұл бағыт отбасылық және жеке саяхатқа да қолайлы.

4. Сайрам-Өгем ұлттық паркі, Түркістан облысы

Сайрам-Өгем — оңтүстік аймақтағы әлеуеті жоғары, бірақ әлі толық ашылмаған бағыттардың бірі. Мұнда мұздық көлдерге апаратын жаяу бағыттар мен тау флорасымен танысу мүмкіндігі бар. Экотуризм дамып келе жатқан бұл өңір ішкі туризм үшін тың мүмкіндікке айналуда.

5. «Сартас» визит-орталығы, Маңғыстау облысы

Маңғыстау өңірі туристік инфрақұрылымды белсенді түрде дамытып келеді. Жаңадан ашылған «Сартас» визит-орталығы өңірдің петроглифтеріне, жартас кешендеріне және қасиетті орындарына баратын келушілер үшін ашық. Бұл орталық логистика мен қауіпсіз маршруттарға қолайлы жағдай жасайды. Жаз мезгілі — Маңғыстаудың ерекше табиғаты мен тарихи кеңістігін тануға таптырмас кезең.