12 Мамыр 14:52
...

Жайық бойындағы бөгет ұзындығы 346 шақырымнан асты

Су тасқыны
Фото: primeminister.kz

Атырау облысында Жайық өзенінің бойында ұзындығы 346,2 шақырым бөгет салынды.

 Алматы, NEGE. Бұл су тасқынына қарсы үйінді бөгеттер Жайық өзенінің арнасынан шығуын тежейді және судың Каспий теңізіне қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда суды өткізу, алдын алу шараларын жүргізу үшін 37 елді мекенде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Құрманғазы ауданында 1 км бөгет салу қалды.

Салынған бөгеттерді қосымша нығайту жұмыстары жүргізіліп, жұмыстар жалғасып жатыр. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жүргізіліп, оның біртіндеп көтеріліп жатқаны байқалады. Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет су бекеттеріндегі су деңгейі шектік белгіден асып түсті. Жағдай бақылауда тұр. Құлсары қаласында су басқан үйлерден су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен тәулікте 66 044 текше метр су сорылды, – дейді ведомство.

Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында 333 070 текше метр еріген қар суы сорылып, 165 тұрғын үйден судың бағыты бұрылып, сорылды. 111 құрғатылған үйде дезенфекциялық жұмыстар жүргізілді. Петропавл қаласының Борки кенті мен Карьерная көшесінде су басқан үйлер жоқ. Күн сайынғы аэровизуалды тексеру және құрғатылған аумақты дезенфекциялау жұмыстары жалғасып келеді.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бөгеттерді нығайту жұмыстары және Торғай өзені су деңгейіне мониторинг жалғасып келеді. Өткен тәулікте Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында 2 350 қапшық пен 217 тонна инертті материал төселді. Ұзындығы 640 метр салынған бөгеттер нығайтылып жатыр.

Республика бойынша 18,5 млн еріген қар суы сорылып, 11 134 тұрғын үй мен 3 350 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 54 755 адам өз үйлеріне оралды. 5 291 адам уақытша орналасу пунктерінде қалып отыр. Апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 7 537 адам, 997 техника, 297 су сору құралы және 55 жүзу құралы, 6 әуе кемесі жұмылдырылды, – дейді министрлік.