4 Желтоқсан 13:30
...

Енді «жатыр ауыстыра» бастады. Жанат Бақытқа алдандық дегендер НЕГЕ көбейді?

Шарлатан
Фото: Коллаж NEGE

Былтыр тележүргізуші Жанат Бақыт тосыннан, жұрттың ойына келмеген, тіпті ақылға қонымсыз жайттарды айтып, қоғамды дүрліктірген еді. 

Ол өзінің регрессология ілімін зерттеп жүргенін, тіпті жаратушының алдына барып, ел тарихындағы хан-батырлар мен Алаш қайраткерлерінің рухымен тілдесетінін айтып, айды аспанға бір-ақ шығарған.

Сол кездегі пікірін сөзбе-сөз келтірсек: «Портал ашылды. Кенесарының басы табылған кезде қазақ оянады, Алаш зиялыларының рухы жерге түсіп жатыр», «Алланы босатыңдар, орнына жаратушы келді», – деп елді бір шулатса, енді бірде «Әлихан Бөкейхан Кенесарының басын тығуға көмек берді» деп Алаш зиялысымен тілдескендей кейіп танытады.

«Мен, Әлихан Бөкейханов, Кенесарының басын тығуға көмек бердім. Ісіме өкінемін. Атамның ісін қайталамай-ақ қояйын деген едім. Алайда, қайталанды. Мен солай істеуге мәжбүр болдым, халқым, кешіріңдер. Михаиловпен терезесі жоқ қараңғы қапаста кездестік, өз қолыммен Кеңесарының басын апарып бердім. Михаилов мысқылдап, «Халқың түбі білсе қайтесің?» деген еді, мен «Бұл құпияны көрге әкетем. Ал түбі білсе… халқым түсінеді» дедім. Егер мен Кенесарының басын бермесем, олар Алаштың бәрін қыратынын айтып қорқытты» дей келе, «Кенесарының басы Европаның Шығыс жағалауы Венецияда, Ақ үйдің астындағы қалада, 9 құлыппен 7 кварталда жасырылған», – дегені есте.

Шарлатан
Фото: aikyn.kz

Сондай-ақ, ол әу баста өзі қазақ тіліне аударған «Ақ Сарбаз» атты кітапты насихаттап, сонда баяндайтын адамның қазіргі дәуірде болып жатқан ақиқат туралы ойын айтып, тыңдаушыны елітетін. Ол ол ма, «Осы кітап рухани жолға келуіме септігін тигізді» деп жарнамалаған соң сатып алушылар қатары да артқан. Бәлкім, бұл кітап ілімді насихаттау құралы болды ма, әлде жалпақ жұртты қызықтырудың айласы ма, кім білсін, бірақ қазір мүлдем басқа арнаға ойысқаны байқалады. Бұған дәлел ретінде оқырманның «Қазір сол атаңызды «Шал» деп, жын-шайтанды «Қара энергия» деп неге тайып кеттіңіз?» деген пікірі-ақ жеткілікті.

Ең қызығы, алғашқы кезде сіңлісі екеуі әр тұлғаның кейпіне еніп, біресе Міржақып Дулатов, енді бірде Әлихан Бөкейханов болып «өмірге қайта келген» еді. Кейіннен екеуі екі бөлек кетіп, бүгінде бір-бірін әлеуметтік желіде қаралап, алаяқтық әрекеттерін әшкерелеп те жүр.

Регрессологиядан ақша табуға дейін

Сөйткен, Жанат Бақыт қазақ халқының маңдайына біткен белгілі тұлғалармен тілдесуді қойып, бүгінде адам емдеуге көшіпті. Мұны редакцияның желідегі парақшасына жазып, өзімізге хабарласқан оқырмандар растап отыр. Біз де Жанат Бақыттың әлеуметтік желідегі эфирлері мен жариялаған материалдарын шолып шықтық.

Әлгіндей ем-домға көңілі толмаған, ақшасын бекер құртқан адамдардың пікірінен көз сүрінеді. Себебі, Жанат Бақыт талай уақыттан бері «Х жоба» дегенді бастап, желі арқылы жарнамалай бастаған. Ол өз сөзінде жақынынан айрылып, қиналып жүрген жандарды «марқұмның рухымен тілдестіремін» деп сендіреді екен. Әрине, өмірде түрлі жайт болады. Біреу қапияда көз жұмған жақынынан осы тіршілікте кешірім сұрай алмаған болуы мүмкін. Тағы біреу қайта сөйлесу мүмкіндігі туса, айта алмаған сыр-мұңын жеткізгісі келеді. Адамның сондай нәзік жерінен ұстап алу да – Жанат Бақыттың таптырмас айла-тәсілі ме дерсің.

Шарлатан
Фото: ғаламтордан

«Соңғы кезде қатты ауырған соң, хабарластым. Бірінші, емшіден ем аласыз», – деді. Ол – 50 мың теңге болды. «Х жобадан» онлайн өту 100 мың екен. Оған қатыстым. Бірақ айтып отырғандарына күлкім келді», – деген еді Жанат Бақыттың жобасына қатысушының бірі.

Мұнда келгені үшін бармағын тістеген келіншек: «Мені Қайрат деген емшіге кіргізді. Ол таяғымен омырауымнан ұра берді. «Тоқтаңызшы, басқа жерден ұруға болмай ма?» дедім. Қатынқұмар біреу ме, белгісіз. Сұрақтарыма түк жауап ала алмастан, 50 мың теңгемді беріп кеттім. Сонда ол ақшаны омырауымды ұрғаны үшін бердім бе?», – дейді күйініп. «Ақшамды қайтарып бер!» деген әйелге: «Мен саған ем жүргіздім, енді ақшаңды қайтарамын ба?! Көз алдымда тазарып алып, енді жасап тұрғаның – әзәзілдің әрекеті», – деп жауап беріпті әлгі Қайрат атты емші.

«Емделуге» барған тағы бір әйел: «Сеанс қабылдаған соң, 150 мың теңге деп тұр. Шошып кеттім. Менде қазір 45 мың теңге ғана бар» деп едім, Жанат Бақыт: «Жақсы, асықпай бересіз. Мен сізді бай келіншек деп ойладым» деп қарап тұр. Ал жанындағы тәлімгері Диана болса «Тәлімгеріңіз басыңыздан салып қалды. Ақшаны жыламай дұрыстап бер деп жатыр» дегенде жағамды ұстадым», – депті.

«Ауырған соң, осы жылдың ақпанында Жанатқа бардым. 30 минуттай қабылдады. Өткен өмірім туралы айтты. «Тәңірің 182 мың теңге берсін деді» бетіме қарап. Сол кезде жұмыстан сыйақы алып едім. Ауруымнан айығам ба деп, беріп кеттім. Содан кейін бір жарым ай ауырып, медициналық орталыққа барып, система алып, ем қабылдаған соң ғана жақсы болдым», – деген пікірді де көз шалды.

«Мереке деген бір әйелді жасартатын чип саламын деп, келгеннің бәрінің басын сипап ақша жасады. Көппен бірге іш сипалатып, 50 мың теңге төлеп шықтым. Ескі матканы алып, орнына жаңасын қойды» дегенде, «Бұл қалай?» деген күдік пен сенім арпаласып еді. Сол есіме түсіп, жақында УЗИ-ге түсіп көрдім. Қайдағы, былтыр кішкене эрозия бар еді, биыл өсіп, үлкейіп кетіпті. «Ақшаны ауаға шашыппын ғой» деп өзіме ренжідім», – деп өкінішін білдірген пікірдің иесі де бар.

Құшынаш
Фото: ғаламтордан

Атын атамауды өтінген келіншек NEGE тілшісіне мән-жайды айтып берді. Алаяқтарға алданып, қарызға батып, депрессиялық көңіл-күйде жүрген сәтте әлеуметтік желіде Жанат Бақыттың парақшасы алдынан шыға беріпті.

– Біраз уақыт Жанат Бақыттың парақшасына кіріп, тыңдап жүрдім. Тығырыққа тіреліп, қиындық айналсоқтап кетпей қойды. Әу баста тылсым әлем барына сендік. Сосын құрбым екеуіз Жанат Бақыттың қабылдауына жазылдық. Бірақ өзі сөйлемейді екен. Төсекке жатқызып, «көзіңді жұм» деп бұйрық берді. Жанындағы жас қыз (тәлімгер) ішімді ұстап отырып, айта бастады.

Бұл жерде ескеретін бір нәрсе – оған дейін Жанат Бақыт бізбен сөйлесіп, бәрін сұрап, біліп алды. «Қандай мәселемен келіп тұрсың? Сені не мазалайды?» деген сауалға жауап алды. Құрбым екеумізге қағаз пен қалам берді. «Анаммен қарым-қатынасым неге дұрыс емес? Неге мені қайын әпкем жақтырмайды? Неге менің жолым болмайды? Неге қарыздарым көбейіп кетті?» деген сияқты өзімізді мазалап жүрген жайттарды жаздық. Сосын қараңғы бөлмеге жеке кіргізген соң, көзімізді байлап тастады. Үш-төрт адам отырды. Сосын әлгі біз жазған өмірлік сұрақтарды Диана деген тәлімгерге қойғызды. «Порталы ашық. Рух әлеміне ене алатын қыз. Сен өмірге 13 мың рет келгенсің. Кезінде өзіңді суицидпен өлтіргенсің. Рухтарың төменгі әлемде қалып кеткен. Соның бәрін қазір көтереміз», – деді.

Мәселен, «Мені неге қайынәпкем жақтырмайды?» дегенге «Сен алдыңғы өмірде эскорттарды ұстап отыратын әйел болғансың. Сол кезде жап-жас қыз болған қайын әпкеңді еркектерге сатып, ақша жасағансың. Оның маткасын жұлып алып тастағансың. Сосын әр еркекке сатылып жүріп өлген. Содан қалып қойған кек осы өмірге келгенде де шығып жатыр. Осы қарғысты үзу керек» деп, әлдебір мәтінін айтып, соны қайталатқызды», – деді.

Ал анаммен қарым-қатынас туралы «Тас дәуірінде белдеріңе теріден жасаған киім киіп, отқа тамақ пісіріп отырсыңдар. Сол кезде қарның ашып, сол кездегі досыңды (қазіргі анаң) өлтіріп, етін отқа қақтап жегенсің. Бұл содан қалып қойған өшпенділік, ашу», – деді.

Қысқасы, менде қарғыс көп екен. Олардың айтуынша, осы әлемге адамдарды алдау, арбау энергиясын алып келген екенмін. Соның қарғысын үзу керек деген соң, берген мәтінін қайталап жаттым. «Бірақ неге жаманшылықты ғана алып келдім?» деп қарсы сұрақ қойғанымда: «Жаман істерің қарғыс боп келді. Соның өтеуін осы өмірде өтеп жатсың», – деді.

Қазір есіме түссе, күлкім келеді. Осындай ертегіге сеніп жүрген ақымақ екенбіз. Ең сорақысы, 200 мың төледім. Құрбым да сол ақшаны берді», – деді бізбен тілдескен келіншек.

Жанат Бақыт: «Ақшаны талап ету – пендешілік»

Біз былтыр Жанат Бақыт «тосын» мәлімдеме жасаған кезде хабарласып, сұхбат беруін сұрадық. Алайда, әуелгі кезде келісіп, кейін қоңырауға мүлдем жауап қатпай қойған. Бұл жолы әлеуметтік желіде «алдандық» деген жұрттың қарасынан соң, бұған қатысты ойын білгіміз кеп, байланысқа шықтық.

«Терапия өткізіп жүргенімізге бір жарым жылдай болды. Күніне бір немесе екі адам келеді. Аптасына әрқалай. Олардың 30 пайызы «кейін береміз» деп ақысын төлемейді. Көп адам сіңліммен ренжіскенімді пайдаланып, «1 жыл бұрынғы ақшамды қайтар» дейді. Дәрігерге барса да ақы төлейді, бірақ нәтиже бірден болмайды. Сондықтан «Белгілі бір уақыт аралығында неге бірден емделіп кетпедім?» деп ақшаны талап етпейміз ғой. Терапияда психологиялық көмек көрсетіледі. Чакрология, регрессология, энерготерапия, родология қамтылады. Мұның бағасы  – 200 мың теңге.

Құшынаш
Фото: ғаламтордан

Көбі алғысын айтып кетуде. Ал енді арада неше ай өткенде ақшаны талап ету – пендешілік. Қаншама жұмыс жүрді ғой!? Ата-бабасының әруағы арқылы толық тазалық жүрді. Кім екені, не үшін өмірге келгені туралы жауап берілді. Басқа адамдардың еңбегі қайда қалды? Мені жамандай берсін, бірақ Құдайдан берілген жобаны жамандауға болмайды. Сондықтан жауапкершілік өз мойындарыңызда», – деді ол.

Сіңлісімен арада қандай кикілжің болғанын, нені бөлісе алмай қалғанын да сұрадық. «Жоқ, ақшаға қатысты емес, отбасылық түсініспеушілік. Анасы қызымен, ұлы әкесімен шекіріп жүрген қарымта жылы. Көп отбасында түсініспеушілік болып жатыр. Біздегі картина да солай болуда. Бірақ аяғы дұрыс», – деген жауап алдық.

Оның айтуынша, регресс терапиясын жүргізу үшін арнайы дипломы бар көрінеді. «Жобам патенттелген, мемлекетке салық төлеймін. Менде бәрі заңды», – деді екеуара хат алмасуда. Кейбір түсініксіз жайттың басы ашық қалған соң, сұхбат беруін сұрадық. «Сауалдарды жібересіз бе?» деген соң сол мезетте көкейдегі біраз сұрақты қойдық. Бірақ оқыды да, ләм-мим демеді.

Қазір интернет, әлеуметтік желі арқылы ақша табатын алаяқтар көбейген. Одан бөлек жақында ғана еріктілер қозғалысының белсендісі, қайырымдылық қордың құрылтайшысы Перизат Қайрат ұсталған соң, депутаттар қайырымдылық қорларын тексеру керек» деп дабыл қақты.

Әлеуметтік желі арқылы «жұмысын» жарнамалап, жұрттың ақшасын «сорып» отырғандарға да Қаржылық мониторинг агенттігі бір уақыт мойын бұрғаны жөн-ау.