8 Қазан 08:32
...

Жат жұртта жасырған ақша дауы. Шенділер шоттарын НЕГЕ шетелде ұстайды?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Осы аптада мемлекеттік қызметкерлердің шетелдегі банк шоттары, жылжымайтын мүлкі туралы ресми ақпарат жарияланды.

Декларация тапсырған 497 шенеуніктің 440-ының 58 елдің банкісінде өз шоттары бар боп шықты. Олардағы қаржының жалпы сомасы 691 миллиард теңге екен. Ол дегеніңіз, 1,6 миллиард доллар деген сөз.

Осы деректерге орай бірнеше қаржылық һәм моральдық, әрі саяси сауал мен түйін туындайды.

Біріншіден, осы статистика қаншалықты рас? 30 жыл бойындағы елді жайлаған жебір жемқорлық пен парықсыз парақорлықты ескерсек, шетелде қаржысын сақтайтын шенділердің саны бұдан анағұрлым көп болуы тиіс. Қазірде дөкейлерді айтпағанда, ортаңқол бастықтың тығып қойған бірнеше миллион доллары мен сол шамадағы мүлкі бар екенін бәрі де біледі. Сондықтан да түйені түгімен жұтып жатқан, әбден жүгенсіз кеткен жемқорлардың саны мен шетелге ытқытып жіберген қаржысы бұдан да көп болуы тиіс! Сондықтан салықшылардың осы санды ғана жариялап, жерден жеті қоян тапқандай пафосқа салынуын аса құптай қоймадым: тереңірек қазу керек, жігіттер!

Фото: ғаламтордан.

Екіншіден, небәрі 497 адамның 1,6 миллиарды қайдан пайда болды? Олардың бәрі бюджеттен шектеулі жалақы алып отырған мемлекеттік қызметкер емес пе?! Иә, кезінде бірнеше амнистия болды. Бірақ, білуімізше, ол кешірім науқанына құпия қаржылары бар шенділер жапатармағай жарысып қатысқан жоқ. Өйткені, «билік алдап кетеді» деген күмән-күдік оларда да бар.   

Үшіншіден, осы күлімсі, қоңырсыған иісі шыққан бұл тізімде шенділердің офшордағы шоттары бар ма? Кеше ғана әлемді шулатып, дүрліктіріп, талайдың зәре-құтын қашырған «Пандора құжаттары» небір сұмдық жайттардың бетін ашып жатыр емес пе? Қазақстандық шенділер, соның ішінде биліктің басында отырған тұлғалар, сол құжаттарда өз орнын ойып тұрып алып жатыр емес пе?! Және де бұл «ақша архивтерінің» алғашқы ашылуы емес, бұған дейін де «Панама досьелері» болған, талай мықтының аты аталған. Бірақ баяғы жартас – сол жартас, баяғы жемқор – сол жемқор.

Бұл деректерді тауып жатқан – күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, басын қатерге тігіп, талмай, ізденіп жүрген шетелдегі тәуелсіз журналистер. Ал біздің салықшыларымыз неге осы шаруаға келгенде селқос, неге шетелдегі қаржының ізіне түсіп, жүйелі түрде іздестірмейді? Қаржы жүйесі мен банктер ашықтыққа көшкен қазіргі заманда ол онша қиын шаруа емес қой? Әлде жоғарыдан басқаша пәрмен болды ма?

Иә, жақында Мәжілісте «мемлекеттік, квазимемлекеттік секторда жұмыс істейтін жария тұлғалардың қаржы операциялары мен мүлкін тексереміз» деген ұран көтеріліп, тағы да бір науқан басталған сияқты. Бір қызығы, «Неке және отбасы туралы» Кодекске сай ол тұлғалардың жақын туыстарының да қаржылық және мүліктік жағдайын май шаммен қараймыз» дегендей пікір айтылды. Сөйтсек, ол Кодексте жақын туыстарға «әке-шешесі, жұбайы, балалары, немерелері» ғана жатады екен.

Ау, біз сұраса келіп, қарын бөле боп шығатын қарға тамырлы қазақ емеспіз бе? Нағашы, жиен, жезде, балдыз, күйеу мен келін, мың жылдық құда-құдағиларды қайтеміз? Қазіргі кландар дәл осы принциптермен құрылып жатыр емес пе? Керек десеңіз, бейресми түрде «тоқал институты» да экономикалық һәм саяи өмірде өз мәртебесіне ие болып жатыр ғой. Жемқорлар өз капиталын осы ұзын-сонар, шын туыстық мәнісіне салық органдарының найзасы бойлай алмайтын тізімдегі кез келген адамның атына жаза салуы мүмкін ғой. Құмға сіңіп кеткен судың ізін тексерушілер қалай таппақ?

Фото: ғаламтордан.

Олай болса, коррупциямен күрескенде тиісті органдар ағаш белсенділік танытып қана қоймай, осы жайтты да ескеру керек сияқты.

Және де осы игі бастамада мемлекет басқарып отырған азаматтар – президент, елбасы, парламент палаталарының спикерлері, премьер мен оның орынбасарлары, әкімдер мен министрлер – ел алдына шығып, өз қаржысы мен мүлкі туралы есеп берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Шетелде қаржылары бар ма, жоқ па, соны да ашық айтсын! Ондай үлгі-өнеге көрсетілсе, басқалары да тәубасына келер еді.

Қазақта бұрын «жесір дауы, жер дауы» болса, енді «жат жұртта жасырған ақша дауы» шығып, ол шын мәнінде жалпыұлттық маңызға ие дауға ұласып кетуі де әбден ықтимал!

Төртінші жайттың өзгеше, отансүйгіштік пен патриотизмге қатысты сипаты бар. Өзінің қаржысын шетел банктерінде сақтаған, сол жақтан мүлік (өзі не отбасы тұратын мекен-жай) сатып алған, сол елге үмітін артқан шенеунік өз Отанының болашағына, өзі басқарып отырған саланың не аймақтың келешегіне сене ме?! Әйтпесе, жиған-тергенін неге отандық банкке салып, елдің қаржылық жүйесінің дамуына өз үлесін қоспайды немесе ақшасын отандық кәсіпорынға құймайды, неге өз пайдасын ел пайдасымен ұштастырып, барша жұрт зәру боп отырған жаңа жұмыс орындарын ашпайды? Әлде олардың бәрі ақшалары сақтаулы елде «запастағы әуежайын» әзірлеп қойды ма?

Бесіншіден, нақты қай елден тұрақ іздейсің, сол жақта ақшаңды сақтайсың. Біздегі байшыкештердің дені (аталмыш тізімдегі 140 адам) өз капиталын Ресей банктеріне салыпты, қалған елдердің үлес салмағы аз. Декларацияланған 666 мүліктің 436-сы да – Ресейде тіркелген екен (мәселен, Түркияда 38 ғана).

Бұл дегеніңіз – біздің шенділердің дені өз болашағын Ресеймен байланыстырады деген сөз! Бұл жайттың басқаша салдарын көкірегі ояу, көзі ашық оқырман өзі-ақ сараптай берсін.

Міне, өз елінің ертеңіне сенбей, өз жерінен жеріккен осы шенділер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, мінбеге шығып алып, отаншылдық, патриотизм, «туған жерге тағзым» туралы жалынды сөз айтып жатқанда, не ойларыңды білмей қалады екенсің.

Есімізде, кезінде тұңғыш президент маңайындағыларға: «Шетелдегі ақшаларыңды елге қайтарыңдар! Қазіргі заманда бәрі ашық, ол жаққа тығып қойғандарың ерте ме, кеш пе, баршаға мәлім болады» дегендей талап қойып еді. Ол тапсырманы орындап жатқан жан бар ма екен осы?

P.S. Көрдіңіз бе, құрғақ статистика сандары қандай қоғамдық, рухани, саяси, геосаяси және басқа да астары бар ойларға жетелейді, ә?

Тегтер: