Жастарды жаңа мамандыққа баулу көзделуде
ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин және ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бастаған жұмыс тобы инновациялық экожүйе мен IT-саланы дамыту, сондай-ақ жоғары оқу орындарына құжаттарды қабылдау мен гранттар беру бойынша мемлекеттік қызметтер мәселесін талқылады.
Алматы, NEGE. Қазіргі уақытта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың елімізде 100 мың IT-маман даярлау жөніндегі тапсырмасы аясында белсенді жұмыс атқаруда. Бұл ретте бүгінгі ведомствоаралық кеңесте IT-мамандарды даярлау үшін арнайы мектептерге гранттар бөлу мәселесі жіті қаралды.
«Бүгінгі таңда «Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры базасында IT-мектептерге ваучерлер (гранттар) бөлу тетігі әзірленді. 2021 жылы Astana Hub өз қаражаты есебінен 13 IT-бағдарламалау мектебінің 100 студентін қаржыландырды. Бағдарламаны кеңейту аясында 2022 жылы 3000 грант бөлу жоспарланған» , - деді Бағдат Мусин.
Ведомство басшысының айтуынша, IT-кадрларды оқыту 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға және ақпараттық коммуникациялық технологиялар қызметтерінің экспортын 2025 жылға қарай 500 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға септігін тигізеді.
Алайда бұл үшін IT-мамандардың білім сапасын арттыру қажет. Бүгінде республика бойынша 77 жоғары оқу орны IT-мамандарды дайындауда. Жыл сайын 10 000-нан астам IT-маман нарыққа шығарылады, бұл ретте кадрлар заманауи талаптарға сәйкес келе бермейді.
Тараптар құжаттарды электронды қабылдауға байланысты ақпараттық жүйелердің дайындығын талқылады. 2022 жылы 160 мың түлек колледждерде және 140 мың түлек жоғары оқу орындарында білім алады деген болжам бар.