«Жастар Рухының» волонтерлері – патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісі
Бүгін Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты. Түркістан облысы Нысанбек ауылында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 420 делегат бас қосты.
Алматы, NEGE. Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жүретінін және мемлекетіміздің қозғаушы күші бола отырып, Әділетті Қазақстанның болашағы саналатынын атап өтті.
– Осыдан екі жыл бұрын біз Зерендіде жастар қанатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған едік. Содан бері «Жастар Рухы» қарқынды жұмыс атқарып келеді. Ұйымның аты ғана емес, заты да өзгерді. «Жастар Рухы» еліміздегі жетекші қозғалысқа, жастардың рухын көтеретін іргелі ұйымға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Зеренді форумындағы бейнеүндеуінде жастардың заман талабына сай дамуы үшін үш негізгі басымдықты айқындап берді. Ол – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл бағыттар жастар қанатының алдағы даму жолының өзегіне айналды, – деді партия төрағасы.
Мәжіліс Спикері бүгінде мемлекет жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында ауқымды жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Партия желісі бойынша жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс», қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам», ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беруге арналған «Ауыл аманаты» жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар құмар ойын, нашақорлық, жұрттың қарызға батуы сынды мәселелер заңнамалық деңгейде шешілуде. Соған қарамастан, бүгінде жастар алдында тұрған әлі де көптеген әлеуметтік сын-қатер бар. «Жастар Рухының» миссиясы – жастарды өзекті мәселелерді шешуге жұмылдыру және өскелең ұрпақты мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты тарту екеніне тоқталды.
Сондай-ақ партия төрағасы «Жастар Рухы» волонтерлік қызметінің тиімділігіне назар аударды. Мәселен, көктемгі су тасқыны кезеңінде «AMANAT» партиясы жанындағы жастар қанатының белсенділері шынайы патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісіне айналды. Олар «Адал азамат» тұжырымдамасына сай келетін қасиеттерді іс жүзінде көрсете білді.
Форум барысында іс-шараға қатысушылар жастарды саяси және әлеуметтік жұмыстарға тарту жөнінде бірқатар бастама көтерді. Яғни, күрделі саяси процестерді түсінуге және жалған ақпараттармен тиімді күресуге қабілетті жас саясаткерлер пулын құру, әсіресе, ауылдық жерлерде креативті индустрияны дамыту, волонтерлерді қолдау жүйесін енгізу, оның ішінде оқуға түсу немесе жұмысқа орналасу кезінде артықшылық беру.
Жас көшбасшылар Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы шеңберінде өтіп жатқан «Таза бейсенбі» партиялық акциясының аясын кеңейтуді ұсынды. Атап айтқанда, бұрын су тасқынынан қорғану үшін бөгеттер тұрғызылған өзендер мен су айдындарының арналарын тазарту жұмысын бастау, қоршаған ортаны қорғаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық орындарда қоқыс сұрыптауға арналған автоматтар орнату, сондай-ақ келер жылы да «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыру.