«Жасыл Қазақстан» бағдарламасы неге құрдымға кетіп жатыр?

Бұған жоғары менеджменте бірде-бір экологтың болмауы, мамандардың қудалануы себеп болып отыр. Эколог Лаура Маликова осылай дабыл қақты.
«Жасыл Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 2021 жылы Үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Бұл бағдарламада 2021-2025 жылдар аралығында ауаның, судың, топырақтың сапасын, жасыл-желектердің аумағын сақтау, ауаға шығарылып жатқан ластаушы заттардың көлемін азайту көзделген. Нақты көрсеткіштер қойылған-ды.
«Қазіргі уақытта экология саласындағы қудалау, мамандарды жаппай жұмыстан шығару салдарынан бұл көрсеткіштерге қол жеткізілген жоқ. Керісінше нашарлап кетті. Қалдықтар бойынша көрсеткіштерді жасаған кезде, утильалымның қаражатынан қаржы қарастырылған болатын. Қаңтар оқиғасынан кейін 160 млрд ақшаны жеңілдігі бар автокөліктерді несиелеуге беріп жіберді. Бұл – экология кодекстерінің талаптарына қайшы. Өкінішке қарай экология саласында жаппай құлдырау болып жатыр. «Жасыл Қазақстан» бағдарламасы нәтижеге қол жеткізген жоқ», - дейді эколог Лаура Маликова.
Маманның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейінгі кадрлық сапырылыстардың соңы осындай жағдайға әкеліп соққан.
«Экология саласында кадрлық саясатты жөнге келтірмей, экология саласына экологтарды тағайындамай, мәселе шешілмейді. Әр салада маман болуы тиіс. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деп қазақ бекер айтпаған. Осыған дейін вице-министр деңгейінде экологтар болған. Бірақ оларды жаппай жұмыстан шығарып жіберді. Қазіргі кезде жоғары менеджменте бірде-бір эколог жоқ. Мамандардың өзі жұмыстан кетуге арыз жазып қойып отыр. Сондықтан саланың қиыншылығы мен ерекшеліктерін білетін мамандар керек», – дейді эколог.