«Жасанды жаңбыр қауындарды шірітіп жатыр»: Оңтүстік диқандары дабыл қақты
Түркістан облысы диқандарының мәлімдеуінше, жасанды жаңбырдан кейін егін алқабындағы қауындар шіріп кеткен.
Астана, NEGE. Өңір шаруалары жаңа технологияның әзірге Жетісайға қажеті жоқ екенін айтады, деп хабарлайды «31 арна» тілшісі.
Мәлік Шахалиев 10 гектар жерге қауын еккенімен, апта бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан өнімнің бәрі шіріп кеткен.
«Бұл түсініксіз бір жаңбыр болды. Жоқ жерден бірден құйып кетеді. 1-2 сағаттың ішінде егін алқабы көлге айналып, ертеңіне күн шығып, соның нәтижесі, міне, көз алдарыңызда. Ешқандай да пайдасын көріп жатқан жоқпыз. Таудағы шөптерге жақсы болмаса, диқандарды шығынға батырып жатыр. Еккеніміздің 80 пайызы құрыды», – дейді ол.
Ала жаздай мақта мен қауын-қарбыз өсіретін жетісайлықтар жасанды жаңбырдан кейін шығынға батқанын алға тартады. Диқандар өнім алу үшін кемі 5 миллион теңге жұмсаған, жерді де жалға алып жұмыс бастаған. Енді шығынды кімнен өндіретінін білмей дал.
Шаруалардың бірі – Данияр Серікбаев Үкімет жасанды жаңбыр технологиясын енгізілетінін алдын ала ескертуі керек еді деп есептейді.
«Үкімет бізге ескерту керек еді ғой жасанды жаңбырды. Анау көктемде егіс егетін кезде. Біз соған қарап басқа дақыл егетін едік. Солярканың өзі қымбат. Селитраның өзі 180 теңге қазір. Былтыр 100 теңге болған. Аммиак күкірт шашу керек бұған. Былтыр 4 мың болған. Биыл 15 мың теңге. Есептей беріңіз», – дейді Данияр Серікбаев.
Ал Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері өнімнің шіріп кетуіне шамадан тыс ылғал әсер еткенін мойындап отыр. Қауынға жабысқан кеселді анықтау үшін тексеріске кіріскен.
«Аталған мәселе бойынша нақты фитосанитарлық диагноз қою, ауру қоздырғышын анықтау және тиісті қорытынды беру жұмыстарын уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, қауын алқаптарының жағдайын зерделеу және шаруаларға қажетті консультативті қолдау көрсету жұмыстарын ұйымдастыруда».
Ал, шаруалардың айтуынша, нөсер жаңбырдың кесірі қарбызға да тие бастаған.