16 Наурыз 17:41
...

Жас талғамаған жұлдызды жұптар

Фото:

Отандық шоу-бизнесте бақытын тапқан жарасымды жұптар жетерлік. Олар бүгінде көпбалалы отбасы, үлгілі жанұя атанып отыр. Назарларыңызға жас алшақтығына қарамай шаңырақ көтерген өнер иелерінің тізімін ұсынамыз.

ҚР Халық әртісі Досхан Жолжақсынов пен актриса, тележүргізуші Қарагөз Сүлейменова 1986 жылы «Диагноз» фильмінің түсірілім алаңында танысқан. Қарагөз онда режиссердың көмекшісі болған. Жұп 90-жылдардың басында үйленді. Бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қарагөз – актердың екінші жары. Екеуінің жас айырмашылығы – 16 жыл.

ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған актриса Дария Жүсіптің ұстазы болған. Дария оқуын тәмамдағаннан кейін 2 жылдан соң ұстазына тұрмысқа шығады. Тұңғышбай Жаманқұлов жарынан 24 жас үлкен.

ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов пен журналист Жадыра Сейдеш 2019 жылдың тамыз айында заңды некеге тұрды. Нұрғали Нүсіпжанов 2014 жылы «Жүрекжарды» бағдарламасына кейіпкер болып, оны жүргізетін болашақ жарымен танысқан. Араға бірнеше жыл салып шаңырақ көтерген жұптың жас айырмашылығы - 45 жас.

2000 жылдың басында ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов өзінен 34 жас кіші дәрігер Бағдатпен шаңырақ көтерді. Сегіз жылдан соң актер әке атанды.

Жұлдызды жұп Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның жас айырмашылығы – 14 жас. Жұлдызды жұп бүгінде көпбалалы ата-ана атанды. Олар 5 баланы тәрбиелеп отыр.

Танымал актер Дәуіт Шайхисламовтың әйелі өзінен 11 жас үлкен. Ол журналист Дана Орманбаевамен бірге  Бексұлтан, Исламбек, Шарлиз және Дилан есімді төрт баланы тәрбиелеп отыр. Тұңғыш екі ұлы журналистің бірінші некесінде дүниеге келген.

«Жігіттер» тобының бұрынғы мүшесі Еркін Нұржанов 2014 жылдың қыркүйек айында өзінен 14 жас кіші Динара есімді арумен екінші рет шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда олар – үш баланы тәрбиелеп отыр. Өнер өкілі жарына «Динара» деген ән арнады.

Мәдина Сәдуақасова телережиссер Олжас Смағұловқа 2014 жылдың ақпан айында екінші рет тұрмысқа шықты. Мәдина Олжастан жеті жас үлкен. Бүгінде жұптың Әнуар есімді ұлы бар.

2019 жылы 26 жастағы Артем Обуховқа тұрмысқа шыққан 32 жастағы әнші Луина осы жылы ана атануға дайындалып жүр. Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы 6 жас.

Дильназ Ахмадиева да өзінен 6 жасқа кіші өмірлік серігін жолықтырды. Әншінің жүрегін жаулаған Азильдо Сейтебаев есімді азамат. Олар осы жылы ата-ана атануға дайындалып жүр.

Жайдарман арқылы танылған Арсен Акиев пен Мереке Қалбаева 2018 жылдың мамыр айында некелесті. Мерекеде Арсеннен алты жас үлкен. Бұл жұп жақында ата-ана атанды.

 

Тегтер: