22 Сәуір 17:21

«Жас сарбаз» – батылдық пен патриоттық мектебі

Фото:

2018 жылдан бері елімізде «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы жұмыс істейді. Қозғалыс аясында жалпы білім беретін орта мектептерде «Жас сарбаз» кадеттік сыныптары құрылып,  бүгінде еліміздің әр аймағында елі мен жеріне адал, патриот ұландарды тәрбиелеу ісі жолға қойылған.

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісі – Cемей қаласында да жүйелі жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда Семей қаласы аумағында 60 әскери-патриоттық клубтарда 1800 тәрбиеленуші және 14 білім беру мекемесіндегі 30 «Жас сарбаз» сыныбында 640 оқушы тәрбиеленуде.

Өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік сезімін, азаматтық жауапкершілікті, адалдық пен батылдық қасиеттерін дарыту мақсатында Семей қаласының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы Шығыс өңірлік қолбасшылығының арнайы жабдықтау әскерімен, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралар, әскери-патриоттық клубтар мен Ардагерлер ұйымдарымен бірлесе отырып, «Жас сарбаз» сыныптарының жұмысына жүйелі түрде қолдау көрсетуде. Сол арқылы әскери қызметтің беделін арттырып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін ілгерілетуге бағытталған жұмыстарды жүргізіп келеді.

Шығыстағы патриоттық тәрбие беру ісіндегі қомақты үлес – Семей қаласындағы орналасқан Әлихан Бөкейхан Университеті Әскери кафедрасының үлесінде.

Кафедра негізінде Семей қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы мен Қалалық білім бөлімі жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында жыл сайын мектеп оқушылары арасында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен дәстүрлі «Қайсар» сайыс ойындарын өткізеді.

Биылғы  «Қайсар» әскери-спорттық ойындары Жеңістің 76 жылдығына, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына және Әлихан Бөкейхан Университеті Әскери кафедрасының құрылғанына 10 жыл толуына арналды. Cайысқа  жас ерекшеліктеріне байланысты екі топқа бөлінген 24 «Жас сарбаз» сыныбының 120 тәрбиеленушіcі қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша 5-6 сынып тәрбиеленушілерінің арасында:

I орынды № 41 орта мектептің командасы иеленді, офицер-тәрбиешісі – Жоломбетов С.О.

II орын №28 орта мектептің командасына бұйырды, офицер-тәрбиешісі – Капажанов С.А.

III орынды №3 мектеп-кешенінің командасы иеленді, офицер-тәрбиешісі – Кабдиев Е.А.

7-9 сынып тәрбиеленушілері арасында:

I орынды №22 мектеп-лицейінің командасы иеленді, офицер-тәрбиешісі – Смагулов Е.Б.

II орында - №41 орта мектеп командасы, офицер-тәрбиешісі – Сатов Е.К

III орынды Шәкәрім атындағы гимназия командасы иеленді, офицер-тәрбиешісі – Жакупов Ш.А.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушылар мен олардың тәрбиешілеріне Әлихан Бөкейхан Университеті басшылығының, Қалалық білім бөлімінің алғыс хаттары табысталды. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық және республикалық деңгейде өтетін әскери-спорттық сайыстарға жолдама алады.

Тегтер: