«Zhas Project» жобасы жалғасады
Биылғы жылдың 9-22 қазан аралығында «Zhas Project» жобасына қатысушылар тарапынан өтінімдер қабылданады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту және жастардың өзін-өзі қамтамасыз етуіне ерекше назар аударатыны белгілі. Осы ретте бірқатар жобалар қолға алынып, олардың орыналуы күн тәртібіне қойылған. Соның бірі – «Zhas Project» жобасы.
Көп күттірмей оңтайлы нәтиже берген аталмыш жоба биыл да қайта қарқын ала түспек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар Қызметі» алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, шағын гранттар конкурсына өтінімдерді қабылдау 9-22 қазан аралығында жүргізіледі.
Аталған жобаға қатысуға 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз ретінде тіркелген жеке тұлғалар өтініш бере алады. Идеясы тың деп танылған жоба иегеріне кемінде 6 ай жұмыс істеуге 1 млн теңгеге дейін грант табыс етіледі. Сондай-ақ жоба белгілі бір кәсіппен айналысуға ғана мүмкіндік беріп қоймай, жұмыс тауып беру арқылы да әлеуметтік мәселеленің шешілуіне септігін тигізеді. Осы ретте 2023-2024 жылдары аралығында жобаны жыл сайын еліміздің 20 өңірінде жүзеге асыру көзделіп отыр.
Айта кетейік, 2018 жылдан бастап бастау алған «Zhas Project» жобасы 6 өңірде пилоттық түрде жүзеге асырылып, 250 грант берілген. Ал ағымдағы жылы еліміздің барлық өңіріндегі жастар тартылады деп жоспарланған. Соған сай берілетін грант саны да 280-ге артқан.
Ал жастарға жүктелетін міндет – кәсіптік идея қалыптастырып, оны бизнес жоба ретінде ұсыну. Грантқа қол жеткізген соң тұтынушы тартуы қажет болады.
«Негізгі басымдылық – аз қамтылған ауыл жастарын тартуға беріледі. Осы ретте сапалы және тиімді іске асыру үшін әр өңірде арнайы жобалық кеңселер ашылып, байланыс орталықтары құрылды. Жобаның түпкі міндеті - аталған гранттар жастардың өз бетінше дамуына және болашақта кәсібін тұрақты дамытуға негіз болады», - деді Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан.
«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарынан, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей бастама. Атап айтар болсақ, жастарды өз қоғамының әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның тапсырысы бойынша жүзеге асырылып отырған бұл жоба Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасы аясында Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүйелі түрде жүзеге асырылғаны белгілі.
Мәселен, Маңғыстау облысы бойынша өткен жылы 63 шағын грант берілген.
«Көбінесе жастар қызмет көрсету бағытын таңдайды. Қалалы жердегілер сұлулық салондары мен шаштараз ашу жағына басымдылық берсе, ауыл-аймақтағы тұрғындар ет-сүт өнімдерін шығару бойынша белсенділік танытады» деді «Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы және Маңғыстау облысында «Zhas project» жобасын іске асыру бойынша грант алушы Мағдатов Наурызбек Серікұлы.
Дегенмен, грантқа қол жеткізген жастар тарапынан қаражаттың жүйесіз жұмсалуына жол берушілер табылуы мүмкін деген сауалдың да көкейде туындары анық. Осы ретте қаржыны пайдалану үшін кәсіп көзін қалай ашып, грантты тиімді игеру керектігі жөнінде бағыт-бағдар да берілмек.
«Егер қаржыны мақсатсыз жұмсаушылық орын алған жағдайда Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының келісімшарттары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаражатты қайтару немесе басқа азаматқа беру жұмыстарын жүргізетін боламыз».– дейді Наурызбек Серікұлы.