«Жас қанат. Балалар» байқауы кішкентай қылқалам шеберлерін анықтады
байқауы биыл ерекше фррматта өтті. Алматы қаласында өткен конкурс аясында «Жас қанат. Балалар» бірінші республикалық балалар шығармашылығы байқауы ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған жас дарындар вокал және сурет байқауы бойынша сайысқа түсті.
Жазғы демалысқа шыққан оқушылар соңғы қоңыраудан кейін Республика сарайына ат басын бұрып, байрақты бәсекені тамашалады. Сурет байқауында балалар «Азия дауысы» деген тақырыпта өнерлерін ортаға салды. Өнер ошағының фойесінде қаз-қатар тізілген балалалар шығармашылығы көз сүйсіндірмей қоймайды.
Алматының әсемдігін қылқаламмен жеткізген туындылар бірінен-бірі өтеді. Мәселен, Павлодар қаласының 12 жасар тұрғыны Аяжан Досанова «Азия дауысы» халықаралық байқауының негізін қалаушы, белгілі продюсер Мұрат Ерғалиевтің жарқын бейнесін бедерлеген. Көрмеге келген көпшілік кішкентай суреткердің белгілі тұлғаны қаз-қалпында жеткізгенін айтып, таңдай қақса, кейбір әріптестері марқұмның бала бедерлеген бейнесін көріп көзіне ыстық жас алды.
Ал «Көкіл» мектеп-колледжінің 4-сынып оқушысы Айзере Қайратқызы «Жылулық» атты картинасында халықаралық байқаудың көзқуантарлық танымбелгісін бедерлепті. Бұдан өзге Қызылорда қаласынан сайысқа түскен 13 жасар Нұрдана Ғалымжанқызы «Медеу» мұз айдынында орналасқан әсем сахнада ән шырқаған қатысушыны кейіптеген.
Сурет байқауына мектеп оқушыларымен қатар гимназия, лицей және өнер студияларының шәкірттері қатысқан. Мәселен, Саяжан Көшкінбаева атты қатысушы музыканың әр ырғағын уақытпен ұштастыра жеткізіпті.
«Менің тұжырымдамам уақытпен байланысты. Негізгі геомметриялық формалар - шаршы, үшбұрыш және көпбұрыш. Олардың ішінен мен шеңбер пішінін таңдадым. Бұл нені білдіреді? Шеңбер шексіздіктің, кеңістіктің және жұмсақтықтың белгісін береді. Ал оның шеңберінде жақсы дүниелерді жасау үшін бізге уақыт қажет. Ал уақыт шексіз, демек музыка да шексіз, өйткені ол уақыт ағымында жасалады. Тек музыка ғана емес, шығармашылықтың барлық түрлері де баға жетпес уақытты қажет етеді. Уақыт - энергияның шексіз ағыны. Сондықтан ақпараттың теңгерімі мен дөңгелек сақиналарға баса назар аударуды ұйғардым», – дейді жас суретші.
Кішкентай қылқалам шеберлерінің байқауына Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары мен қатар Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан сынды облыстардан халықаралық «Азия дауысы» байқауының әсемдігін бейнелеген туындылар түскен. Жалпы 311 бала жұмысын жолдаған. Оның 75-і талапқа сай келмегендіктен қабылданбаса керек. Сөйтіп, сарапқа салынған 236 суреттің арасынан – 3 лауреат, 15 дипломант, 5 номинант, 1 қазылар жүлдесінің иесі анықталды. Атап айтар болсақ, 1-орын Алматы қаласының тұрғыны Айсель Мұқашеваға, 2-орын Қостанай облысы, Бейімбет Майлин ауданының тұрғыны Кира Лантухқа, 3- орын Ұлытау облысы, Жезқазған қаласынан жұмысын жолдаған Аида Дербіске бұйырды.
Екінші орынды еншілеген Кира Лантух «Азия дауысы» байқауының әсемдігін қолына отшашу ұстаған бүлдіршінмен байланыстыра безендіріпті.
«Мен халықаралық «Азия дауысы» байқауының жарығын көрсеткім келді. Өйткені аталмыш жобада әр халықтың өкілі өзінің мәдениетін, дәстүрін ән арқылы жеткізеді. Мұның бәрі біздің елде өтетіні мені қуантады», – дейді сурет салуға бала жастан құмар болған Кира. Болашағын сурет өнерімен байланыстыратын жеткіншек бүгінгі таңда жергілікті жердегі изо-стдияға баратанынын айтады. Ал алдағы жылы дипломдық жұмысын қорғайтын болғандықтан, бүгінде қызу дайындық көріп жатқанын алға тартты. Шығармашылық пен оқудың тізгінің тең ұстаған ол жуырда Астанада өткен «Контрафакт» акциясы аясындағы «Нет контрафакту» байқауынан бірінші орынды еншілеген қуана жеткізді.
Ал «Жас қанат. Балалар» шығармашылығы байқауында үшінші орынды иеленген Жезқазған қаласындағы №8 гимназияның 5 «Ә» сыныбы оқушысы Аида Дербіс конкурсқа «Саз әлемі» атты картинасын жолдапты.
«Мен байқау тақырыбы музыкамен байланысты болғандықтан ұлттық киім киген әнші аруды бейнеледім. Ал оның шолпысын ұзын етудегі себебім – әуеннің әлемге ұласқан шексіз екендігін білдіреді. Өйткені, музыкада тіл жоқ. Ал Ұлытаудың ұлар құсын көрсеткенім – қатысушы балалардың деңгейі көкте шарықтап, биіктесін дегенім. Жердегі кішкентай қызғалдақ – бұл өзім. Мен де осы өтіп жатқан тартысты байқаулардан тайсалмай өтіп, өнеріммен өрістей түссем деймін. Өскенде Гүлфайрус Исмаилова апамдай даңқты суретші болғым келеді. Еліміздің әсем табиғаты мен ата дәстүрімізді сурет арқылы көрсетіп, Қазақстанның атын асқақтатқым келеді», – дейді Ұлытау облысынан келген он бір жасар Аида.
Аида Бақытжанқызын Алатаудың байрайында өткен байрақты бәсекенің салтанатты кешіне сонау Жезқазғаннан жетекшісі Айгүл Базылкәрімқызы ертіп келіпті.
«Шәкіртім түрлі техникада сурет салады. Облыстық, республикалық, қалалық деңгейдегі бірнеше байқаудың жеңімпазы. Аиданың сурет салудан өзге ән айтып, би билейтін де өнері бар, арасында кілем де тоқиды, фетрмен де тамаша жұмыс жасай алады», – деді шәкіртінен үлкен үміт күтетін жетекшісі.
«Жас қанат. Балалар» байқауының сурет өнері бойынша ұйымдастырылған көрмеге кураторлық жасаған Ажар Қанатқызы туындысын жолдаған әр бала сый-сияпатсыз қалмайтынын алға тартты. Айтуынша, акрил, майлы бояу және жіппен бедерленген тамаша картиналар шілде айының соңында «Азия дауысы» халықаралық конкурсы аясында өтетін Almaty Gallery көрмесіне қойылады.
Кішкентай қылқалам шеберлерінің өнерін жалпақ жұртқа танытқан «Жас қанат. Балалар» байқауы алдағы жылдары тағы жалғасын табуы мүмкін.