27 Қазан 18:02

«Жас ғалымдардың диалогы: Science Talks» III халықаралық форумы өтті

Фото:

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті  «Жас ғалымдардың диалогы: Science Talks» III халықаралық форумын өткізді. 

Алматы, NEGE. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, талантты әрі жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту мақсатында, Ұлттық ғылым академиясының жанынан ғылымның басым бағыттары бойынша Жас ғалымдардың жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына 1000-нан аса өтінімдер, түйіндемелер қаралып, оның  ең үздік, беделді 500 жас ғалымы мүшелікке еніп, арнайы бұйрықпен бекітілді. Біздер, Ұлттық ғылым академиясы ғылымды дамытудағы түрлі пікірлер мен ұсыныстарға ашық екенімізді жеткіземін. Сонымен қатар, осында бас қосқан жас зерттеушілер алдағы уақытта, отандық ғылымға үлкен жаңалықтар мен өзгерістер енгізеді деп сенемін. Сіздерді Ұлттық ғылым академиясы құрамынан көргіміз келеді», – деді ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА Басқарма президенті Күнсұлу Закарья. 

Форумға АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Польша, Малайзия, ҚХР, Түркия, Гонконг, Австралия, Греция, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан елдерінен 500-ден астам жас ғалым мен зерттеушілер қатысты. 

Ғылымның 7 бағыты бойынша пленарлық және секциялық отырыстар өтеді. Олардың жұмысына ҚР ҒЖБМ, «Ғылым қоры» АҚ, «Clarivate» халықаралық компаниясының өкілдері, қазақстандық жоғары оқу орындары мен ҒЗИ жас ғалымдары, сондай-ақ колледждердің, зияткерлік мектептер мен гимназияның жас зерттеушілері қатысты. 

«Бүгінгі форумда көтерілген мәселелер өте өзекті, орынды. Оларды шешудің тиімді жолдары өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Еліміздегі  азаматтардың орташа жасы – 32 жасты құрайды. Тұрғындардың үштен бірі – жастар, бұл ресми статистика. Қазақстан ғылымға негізделген, инновациялық технологиясы дамыған ел болуы жолында – жастардың орны ерекше», – деді Ақылбек Қажығұлұлы.

Жиында әлемнің жетекші ғалымдары Вэньфэн Лю (ҚХР h-index 26) және А.В. Трухановтың (Беларусь h-index 73) шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Олар  Kendrick Dawis White (АҚШ) ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру тәжірибесімен бөлісті.

Тегтер: