Жас балалары бар жалғызбасты ата-аналарды жұмыстан шығаруға тыйым салынбақ
Бүгін Сенатта қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған заң қабылданды.
Астана, NEGE. Сенат аппаратының басшысы Максим Споткайдың түсіндіруінше, енді азаматтық-құқықтық шарттарды еңбек шартының орнына қолдануға болмайды.
Нақтырақ айтқанда, заң бойынша азаматтық-құқықтық сипаттағы шартта еңбек қызметіне тән кемінде бір айрықша белгі болған жағдайда, жеке тұлғамен мұндай шарт жасасуға тыйым салынады.
Мұндай белгілерге мыналар жатады:
• жұмысты белгілі бір мамандық немесе лауазым бойынша орындау;
• жұмысты компанияның ішкі тәртібіне бағына отырып жеке орындау;
• еңбекақыны нәтиже үшін емес, жұмыс процесі үшін алу.
Сондай-ақ 14 жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты ата-аналарды жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға тыйым салынады. Соның ішінде қысқарту немесе өндіріс көлемінің азаюы кезінде де жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
Бұған қоса заңнама ереуілдерді өткізуге қатысты жекелеген мәселелер бойынша мынадай нормалармен толықтырылды:
- татуластыру комиссиясының жұмысына делдал тартуға болады;
- ереуіл кезінде тараптар қауіпті өндірістік объектілерде міндетті түрде қамтамасыз етілуге тиіс қажетті жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі көлемін айқындауы қажет.
Сонымен қатар жазатайым оқиғаларды тергеу комиссиясының құрамы кеңейтіледі – оған адвокат, жұбайы немесе заңды кеңесшісі қатыса алады. Жазатайым оқиға кезінде қызметкердің кінәсі 25%-дан аспайтын деңгейде белгіленеді.
Сенат өкілінің айтуынша, бұл заңды қабылдау қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етуге және еңбек дауларының санын азайтуға мүмкіндік бермек.