Жарнасы жоқ шоу-бизнес. Өнер адамдары НЕГЕ зейнетақыдан үміт күтпейді?

Күні кеше салымшылар зейнетақы қорындағы қаражат көлемі азайғанын айтып, дүрліккен болатын. Ұлттық банк бұл жайында ақпар берсе де, қарттықтың қамына деп қаражат құйғандар қор болып қаламыз ба деп қорқып отыр.
Ел арасында Зейнетақы қорына қаражат құймағандар зейнетақысыз қалады деген әңгімені де жиі естиміз. Осы рас болса, нәпақасын өнерімен тауып жүрген жандардың жағдайы қандай болмақ деген сұрақ туындайды. Осы ретте жиын-тойда жүрген шоу-бизнес өкілдеріне хабарласып, зейнетке шығудың қамын қалай ойластырып жатқанын сұрадық.
Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, әнші:
Елдің бәрі Роза мен Мақпал емес...

– Мен 25 жыл бойы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияда жұмыс жасап келемін. Осыдан біраз уақыт қорда қанша қаражатымның бар екенін қарап көріп едім, қарттықта қарық болатындай сома емес екен. Сондықтан Үкіметтің зейнетақысына сенім артып отырған жоқпын. Осыған орай зейнеттің қамын өзім ойластыруға тырысамын.
Біздің эстарадада жүрген қыз-жігіттердің дені еш жерде жұмыс істемейді, жеке күнкөріс қамын күйттеп жүр. «Қазақконцерт» пен «Алматы әуендері» мекемесінде санаулы әншілер ғана тіркеуде тұр. Оның үстіне елуден кейін сахнада жүрудің өзі оңай болмас, елдің бәрі бірдей Роза мен Мақпал апамыз сияқты емес қой.
Сондықтан замандастарым осы бастан жеке кәсіп ашып, кірісін кассаға сала ма, әйтеуір амалын жасай бергендері абзал.
Рүстем ЖАНЫАМАНОВ, актер:
Үкіметке тезірек ес жыю керек

– Шыны керек зейнетақы жайын әлі ойламаппын. Үкіметке де аса қатты сенім артпаймын. Мысалы, мемлекеттік жұмыста алты жыл қызмет еттім. Не таптым? Күні кеше зейнетақы қорындағы қаражат азайып кетіпті дегенді естіп, үрейленіп қалдым. Көп нәрсеге көңіліміздің толмайтыны рас. Ол тек таксистердің ғана айтатын әңгімесі емес. Көнбіс халықпыз ғой.
Менің зығырданымды қайнататыны, халықтың назарын аударатын әрекет көп жасалып жатыр. Мәселен, жаға ұстатарлық түрлі жаңалықтар таратады. Бұл – «Көрдің бе, сенен де күні жамандар бар, шүкір ет» деген ой салу. Үкімет халықтың ұйықтап жата бергенін қалайды. Сондықтан өз бетімше еңбек етіп, амал жасауға тырысамын.
Жеке кәсіп ашқым келеді. Бірақ бизнесті аса түсіне бермегендіктен қорқыныш та бар. Бірақ балалар өсіп келе жатқандықтан, қол қусырып отыратын емес. Қолдан келгенше еңбек етеміз. Өз күніңді өзің көрдің кері болып тұр. Біздің Үкіметке тезірек ес жыю керек деп санаймын. Себебі, бір жағымызда – айдаһар, бір жағымызда аю жатыр.
Асхат ҚЫЛЫШБЕК, айтыскер ақын:
Неге байлардан салық ұстамайды?

– Айтыскер ақындар тұрақты мекемеде жұмыс істемегендіктен, көбісі жеке кәсіппен, сауда-саттықпен айналысады. Айлықтың аздығынан қорға аударатын салымның да мәні кетіп бара жатқан сияқты. Тіпті қазіргі жастар оған сенім артпайды, қарттықтың амалын қазірден қамдап жатыр. Қордағы ақшасын шешіп алып, дүние-мүлік те алып қойғандар бар. Кезінде атағы аспандап тұрған сақтандыру қорларының бәрі қайда кетті?!
Біз зейнетақыға жеткен күннің өзінде ол қай жыртығымызды жамайды? Екіншіден, Кеңес үкіметінде жарытып жұмыс істемесе де, қолдан құжат жасатып, ел қатарлы зейнетақы алып отырғандар бар. Жемқорлық жайлаған қоғамда ештеңеге таң қалмайтын болық қой. Қазір елдер қолда бар ақшасын зейнетақы қорына сағаннан гөрі, депозитке салғанды жөн санайтын тәрізді. Естуімше, Ұлттық қордағы ақшаның мөлшері депозиттегі салымдардан аз көрінеді. Осыны ескеріп, Үкімет аз-кем табысы барлардың қалтасына қол салғанша, неге байлардан салық ұстамайды?
Біздің жағдайымызды ойлауға тиіс авторлар қоғамы авторлардың табысын жүйелі түрде есептеп отырған жоқ. Жазып жатқан әндеріміз күнде кафе-мейраханаларда өтіп жатқан жиын-тойларда үздіксіз қойылады. Соларды жүйел түрде есепке алып, тиесілі дәрежеде қаламақы төлеп отырған жоқ. Әйтпесе, әр авторға түсетін қаламақыдан зейнетақы қорына қаражат аударып тұратын болса, біраз шығармашыл адамдарының қарттығына қам жасалар еді.
Әлихан ОРАЛХАНҰЛЫ, асаба:
Әке-шешемізді бағып отырмыз

– Бұрын құрылыс саласында істеген уақытта зейнетақы қорына қаражат құйған едім. Одан кейін менің тарапымнан салым тоқтады. Бірақ, шүкір, зейнетақысыз қаламын деген қорқыныш жоқ. Жеке шаруа қожалығымен айналысып жүрген жайым бар. Той-томалақты тізгіндеумен қатар төрт-түлік мал асыраймын.
Еңбегінің зейнетін көрем деген адам алдымен бала-шағасына дұрыс тәрбие бергені жөн. Өзіміз де тұщымды тәлім алғанның арқасында бүгінгі күні әке-шешемізді бағып отырмыз. Ұрпақтар сабақтастығы болғаны жөн. Сонда ешкім жерде қалмайды.
Руслан МАМЫТОВ, әнші:
Зейнетақысыз қалмаспын

– Мемлекеттік мекемеде жұмыс істемегендіктен, зейнетақы қорына қаражат құйып жатқам жоқ. Алла бұйырса, 45 жастан соң қаражат аударуды қолға алып, зейнетақы алудың амалын жасасам деген ниетім бар. 17-18 жыл үздіксіз ақша құйсам, зейнетақысыз қалмаспын.
Үкімет бермеймін деп жатса, өз бетімше тірлік жасап, қарттықтың жайын ойластырамын. Сондықтан жас кезімізде барынша еңбектеніп, ел қатарлы күн көрудің қамын жасап жатырмыз.