Референдум Референдум
22 Қараша 18:38
...

Жарыссөз басталды. «Кублей» зауытына қатысты шешім шығатын күн таяу

Фото:
Бүгін Орал қаласындағы Экономикалық сотта жергілікті әкімдіктің заңсыз шешіміне қатысты екі жылға созылған сот процесінің жарыссөзі өтті.
Референдум

Сот отырысын ашқан судья Бақтияр Журабаев Орал қаласы әкімдігінің өкілі тарапынан өндірістік істі тоқтату туралы өтініш түскенін хабарлады.

Алайда, бұған шағым түсіруші және үшінші тарап өкілдері бірауыздан қарсы боп, сот жарыссөзінің өтуін талап етті. Яғни, олар соңғы сөздерін айтып, іске нүкте қою керектігіне тоқталды.

NEGE тілшісі бұған дейін Орал қаласы әкімдігі жол берген заңсыздыққа қоғам өкілдерінің араласуын сұраған зауыт өкілдерінің баспасөз мәслихатына қатысқан еді. Олар 800-ге жуық адам жұмыс істейтін және бір тәулікте 600 мың консерві өндіретін зауыттың жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып дабыл қаққан. Яғни, жергілікті әкімдік зауыттың өнеркәсіп аймағында көпқабатты тұрғын үйлер салуға рұқсат берген.

Бұдан кейін кәсіпорын Оралдағы әкімдік, жер қатынастары, сәулет құрылыс басқармасының үстінен шағым түсіріп, тек зауыттың саниатарлық аумағын сақтап қалу ғана емес, аталған мекемелердің жер телімінің нысаналы мақсатын ауыстыруына қатысты әрекеттерінің тексерілуін де талап еткен болатын. Алайда, прокуратура арнайы тексеріс жүргізіп, зауыттың санитарлық аумағына құрылыс салуға заң тұрғысынан тыйым салынғанын қадап ескертсе де, әкімдіктегі шенеуніктер өзінікін дұрыс көретін сияқты.

«Кублей» зауыты екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Орал қаласының әкіміне, Орал қаласының сәулет бөліміне, БҚО МСҚБ консервілеу зауытының СҚА-да тұрғын үй құрылысына жол беру жөніндегі мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы қаулыларды заңсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінген.

БҚО прокуратурасының ұсынысы бойынша, Орал қаласының әкімі ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылса, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековке қатаң сөгіс жариялады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен босатылған Орал қаласының сәулетшісі М.Бердіғалиев қазіргі уақытта МСҚБ басқармасының мемлекеттік инспекциясы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеп  жүр.

Ал Орал қаласының жаңадан тағайындалған сәулетшісі Б.Түстікбай бақылауды жүзеге асырмағаны үшін сөгіс алып, тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Осы даудың басында тұрған құрылыс салушы ЖК «Ирменова Ж.С. ҚР ӘҚБтК-нің 320-бабы бойынша «тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының талаптарын бұза отырып, үлестік қатысушылардың қаражатын тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік тағайындалды.

Алайда, биыл шілде айында ҚР ҚК сот алқасы БҚО облыс сотының 28.12.2020 жылғы қаулысының күшін жойып, істі Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановтың ұсынысы негізінде Орал қаласының сотына қайта қарауға жіберген. Сонда әкімдік тарапынан заңсыздық әрекет анықталып, қаншама адамның үстінен сөгіс жарияланып, жауапкершілікке тартылса да, әділетті шешім неге кешігіп жатыр? Есесіне, істі облыстық экономикалық соты қайта қарауда. Сот шешімі  қазан айында шығарылады десе де, әлі күнге созылып келеді. Осы іске қатысушылар созбақталып кеткен сот отырысынан әбден мезі болғанын айтып, әділ шешімнің шығатынына сенімді.

Бүгінде «Кублей» зауыты басшылары мен жұмысшыларының көңілі күпті. Басшылық тарап келесі жылы атқаратын жұмыстарды да жоспарлай алмай отырған көрінеді. Ал үш ауысыммен жұмыс істейтін 800-ге жуық қызметкердің ертеңгі күнге деген үміті сөніп барады.

Мәселен, зауыт өкілдері егер экономикалық сот жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс салушының пайдасына шешім қабылдаған жағдайда, сол арқылы тұрғын үй объектілері ретінде №2, №3 және №4 корпусты енгізуге мүмкіндік берген жағдайда, зауыт ұжымы мен өңір экономикасы үшін мынадай теріс салдары болатынын айтады.

2023 жылы «Кублей» ЖШС мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп, экологиялық рұқсат алмайды және санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды ресімдемейді. Өйткені, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен белгіленген консерві зауытының ең төменгі санитарлық-қорғау аймағы бұзылады. Жоғарыда көрсетілген құжаттардың болмауы цехтар мен жалпы зауыттың қызметіне санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылардың қолданылуын тоқтатуға, сондай-ақ өндірілетін өнімге сәйкестік сертификаттарының күшін жоюға әкеп соғады.

Бұл туралы бүгінгі жарыссөзде сөз алған «Кублей» ЖШС өкілі, заңгер Жәнібек Башанов: «Жоғарғы соттың төрағасы болған Ж.Асанов «Кублей» ЖШС-ның пайдасына шешіліп тұрған шешімді өзгертіп жіберген. Сот процессуалды заң нормасын бұзса, онда соттың әділдігі туралы не айтуға болады? Біз 9 том құжат жинағанда, әкімдік қаланың бас жоспарының өзгергені туралы құжатты да көрсетпейді», – деді.

Жер құқығы саласындағы заңгер, «Кублей» ЖШС өкілі Бақытжан Базарбек те жарыссөзде Әділетті Қазақстанда әділ шешім күтетінін айтып, зауыттың санитарлық аумағына салынған тұрғын үйлердің заңсыздығын тағы бір мәрте әшкереледі.

«Зауыт жанынан бой көтерген төрт тұрғын үйдің үшеуі зауыттың санитарлық қорғау аймағына кіріп тұр. Олардың бірі пайдалануға беріліп үлгерген. Орал қаласы әкімдігі тарапынан бірқатар заңсыздықтар анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жазаға тартылса да, сот ісі неге жалғасып жатыр? Алғашқы екі кассация сотының шешімі зауыт пайдасына шешілгеннен кейін Жоғарғы сот істі алғашқы инстанцияға қайтарған. Егер қалған үш тұрғын үй пайдалануға берілетін болса, онда зауыт өндіретін өніміне сәйкестік сертификатынан айырылады. Сонда қарапайым халық тұтынатын өнімді шығаратын және қаншама адамға жұмыс беріп отырған зауыт жабылуы тиіс пе?», – деді заңгер.  

Сондай-ақ, ол Кублей зауытының сот ісі бойынша Орал қаласы әкімдігінің заңсыз іс әрекетіне құқықтық баға беретін соттың өзі заңды белшесінен басып, сот ісін шенеуніктердің пайдасына шығаруға тырысуы көп сұраққа жауап береді. «Оралда заң бар ма?» деген сұраққа, «жоқ» деуге тура келеді. «Мұнда заңды қадағалайтын құқық қорғау органдары бар ма? Әділдік бар ма?» деген сұраққа да солай дер едім. Бұған «Кублей» ісі ашық мысал. Жеке кәсіпкердің, жеке қаржылық топтың мүддесін қорғап, жауып-жасырып отырған әкімдік заңды белден баспауын талап етеміз!», – деп түйіндеді пікірін заңгер Б.Базарбек.

Түйін: Жарыссөз отырысында әкімдік тарапынан ешкім төбе көрсетпеді. Ал құрылыс компаниясы атынан қатысқан қорғаушы пәлендей уәж айтып жарытпады. Сонымен, «Кублей» ісіне нүкте қойылатын күн де таяп қалған сияқты.

Тегтер:
Референдум