Спорт
Жапонияда Азия Пара ойындары басталды: Қазақстаннан 150 спортшы қатысады
18 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты өтті. Биыл жарысқа Азияның 45 елінен 4 мыңға жуық спортшы жиналды. Олардың арасында Қазақстаннан барған 150 спортшы бар.
Астана, NEGE. Ашылу салтанаты Нагоядағы «Мидзухо» стадионында өтті. Қатысушы елдердің құрамалары стадионға өз туын көтеріп шықты.
Қазақстанның көк туын Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері, 2023 жылғы Азия Пара ойындарының чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке көтеріп шықты.
«Осындай ірі халықаралық жарыста Қазақстанның туын көтеріп шығу – мен үшін үлкен мәртебе. Кезінде өзім сияқты спортшылардың өнерін теледидардан көріп, спортқа қызыға бастадым. Олардың жетістіктері мені жігерлендірді. Бүгінде өзіміз ел намысын қорғап жүрміз. Біздің жетістігімізді көрген басқа адамдар да параспортпен айналысуға талпынады деп үміттенемін», – деді Дастан Мұқашбеков.
Туризм және спорт министрлігіБиыл Азия Пара ойындарына Қазақстаннан бұрынғыдан көп спортшы қатысты. Мәселен, 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жарысқа 131 қазақстандық барған. Ал биыл олардың саны 150-ге жетті.
Қазақстандықтар спорттың 12 түрінен сынға түседі. Атап айтқанда, пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таеквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара садақ ату, пара велоспорт, отырып ойнайтын волейбол, бочча және арбадағы теннис.
Биыл Қазақстан спортшылары Азия Пара ойындарында арбадағы теннистен алғаш рет бақ сынайды.
Құрама мүшесі Айжан Бутимбаеваның айтуынша, елімізде бұл спорт түрі 2022 жылдан бері дамып келеді. Осы уақыт ішінде қазақстандық спортшылар халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.
«Азия Пара ойындарына алғаш рет қатысу – біз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта Паралимпиада ойындарында да Қазақстанның намысын қорғаймыз деп сенеміз», – деді Айжан Бутимбаева.
Туризм және спорт министрлігіҚазақстан құрамасымен бірге Жапонияға спортшыларға көмектесетін 38 адам барған. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, 2025 жылы I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін адамдардың мәртебесі заңмен бекітілген. Енді олардың шығыны мемлекет есебінен өтеледі.
Азия Пара ойындары 24 қазанға дейін жалғасады. Биыл спорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.