26 Ақпан 15:44
...

Жанқош Тұраровтың әйелі жалған ақпарат таратты – адвокат

Әнару Құрманәлі
Фото: ozgeris.info

Былтыр тамыз айында 28 жастағы бойжеткен Әнару Құрманәлі өзін танымал боксшы Жанқош Тұраров зорлағанын айтып, оның үстінен арыз түсірген еді.

 Бұдан соң ол ақпарат құралдарына сұхбат беріп, екеуара қарым-қатынастың қалай өрбігенін баяндаған-ды. Іле-шала Жанқош Тұраровтың адвокаты баспасөз мәслихатын өткізіп, Әнару Құрманәлінің жалған жала жапқанын жеткізген. Ал көп ұзамай Тұраровқа қатысты істің тоқтатылғаны туралы ақпарат тарады. Сол кезде жәбірленуші Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова:

«Қыз зорланып, арыз жазғаннан кейін тәркіленген заттардың да көзі жойылған сияқты. Оның да хаттамасын көрсетпеді. Тіпті, биологиялық сараптама да тағайындамаған. Ол ол ма, беттестіру кезінде Әнаруға 25 сұрақ қойылса, ал Жанқош Тұраровтан бір-ақ сауалға жауап алынған. Яғни, ол «Зорладыңыз ба?» деген сұраққа «Жоқ, өз еркімізбен болдық» деген. Сонда істі бір ауыз сөзбен қысқартып тұр», – деп жауап берді.

Әрине, бұдан соң жәбірленуші тарап құралақан отырмай, істің қайта қозғалуын сұрап, Бас прокурор Берік Асыловтың атына хат жазды. 

 «Істі қайта қозғаттық. Тергеудің қаулысы бұзылған соң, бәрі басынан қаралатын болды», – деді адвокат.

Ал бүгін күдікті Жанқош Тұраровтың әйелі Клара Иса күйеуінің атынан тосын «мәлімдеме» жасапты. Оқырман сауалдарына жауап беру кезінде ол: «Әнару Қалдыбектің өзі жауапқа тартылуы мүмкін. Ол жала жапқаны үшін сотталайын деп жатыр» деген ақпарат айтқан.

NEGE тілшісі бұл ақпараттың рас-өтірігін білу үшін Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатоваға хабарласты. 

«Бұл өтірік ақпарат! Зорлау фактісі бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ, жүріп жатыр. Соңғы сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Сосын Тұраров үшін әйелі арыз жаза алмайды, ондай өкілеттігі жоқ. Іс насырға шапқан соң, далбасалап айтқаны. Ол адам салып, істі қысқартуға күш салғанмен, ештеңе шықпады. Неге десеңіз, тоқтаған істі қайта жаңғырттық. Тіпті, Жанқош Тұраров қан тапсырудан қашып-пысып жүріп, екі ай уақытты алды. Ақырында Алматы қалалық соты, Әуезов аудандық соты да «мәжбүрлеп қан алу, мәжбүрлеп тергеуге алу керек» деген шешім шығарып берді. Олар әу баста бұл қаулыға шағым түсіріп, «бармаймыз» деген. Осылайша, жазда өтуі тиіс беттестіру созбаққа салынып, биыл қаңтар айында болды», – деді адвокат. 

«Ол биологиялық сараптама жасауға да келмей қойған. Біз құзырлы мекемелерге қайта-қайта жаза берген соң сараптама тағайындау керек болып, тағы да шақыртты. Яғни, біз кеш болса да, істелуі тиіс нәрсені орындатып жатқанға, әйелінің ерегісіп айтқаны ғой. 

Біріншіден, әйелі Жанқош Тұраровтың жанында болмады. Ол әйелдің «мәлімдеме» жасауға құқы да, бұл іс бойынша оның ешқандай статусы да жоқ. Тұраров айтса, бір жөн. Іс Әнару Құрманәлі мен Жанқор Тұраровтың арасында қозғалды. Екіншіден, осы жалған ақпаратты таратқан адамды, оны тексермей, жариялағандары үшін кейбір сайттарды жауапқа тарту жөнінде шағым дайындалып жатыр»,  деп түйіндеді пікірін адвокат Л.Ахатова.