Жанып жатқан пәтерден тұрғындарды құтқарған өрт сөндіруші марапатталды

Өрт сөндірушілерді бейбіт күннің батырлары деп атауға негіз көп. Соңғы күндердің өзінде тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушілердің жанкештілігі жиі айтылып жатыр. Өзінен бұрын өзгенің өмірін сақтауға ұмтылған ерліктеріне куәгерміз.
Сондай жандардың қатарына №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Қайрат Нұржаубаевты қосуға болады. Ол жанып жатқан пәтерден жеті адамды жанкештілікпен алып шыққан. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған үш бала бар. Қайрат Нұржаубаевтың осы еңбегі еленіп ҚР Президентінің 2022 жылғы 15 қарашадағы №1073 Жарлығымен «Ерлігі үшін» төс белгісімен марапатталды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының халқымен кездесуі барысында мемлекеттік марапатты табыстады.
Оқиға қалай болған? Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қайрат Нұржаубаев тұрғындарды қалай құтқарып қалды?
Оқиға осы жылдың 12 қазанында сағат 15:14-тер шамасында департаментке Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы «Алматы Сити» тұрғын үй кешеніндегі он қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында пәтер өртенгені туралы хабарлама келеді. Өрт сөндірушілер дереу белгіленген мекен жайға аттанады. Құтқару бригадасы жеткен кезде үйдің кіре берісін қою түтін басып қалған. Аталмыш қабаттың тұрғындарын эвакуациялауға арналған жолдардың барлығы түтінге батып, баспалдақ көрінбеген.
Сол сәтте бөлімше командирі Қайрат Нұржаубаев барлау жүргізіп, дереу әрекетке көшеді. Айналаны көз байлайтындай түтін басқан. Десе де қарап тұруға уақыт жоқ. Өрт сөндіруші құтқару операциясын сәтті орындап шығады. Көпқабатты үйден алты адамды алып шығып, өлімнен аралайды. Олардың үшеуі кішкетай балалар болатын.
Аға сержант Қайрат Нұржаубаев бұған дейін де ерлік көрсетіп, өрттен бір адамды аман алып шыққан болатын. Ол оқиға 23 ақпанда болған. Түнгі 01.00 шамасында Әуезов ауданының төртінші шағын ауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында өрт шыққан. Хабарлама келген бойда төтеншеліктер аталған жерге аттанады. Осы сәтте де Қайрат Нұржаубаев ерлік танытқан.
Өрт сөндірушілердің алдында кедергі көп еді. Өйткені көше тым тар болатын, ал сол тар көшенің ауласы тұрғындардың автокөліктеріне толы болды. Тар көшелер Алматыдай халық тығыз орналасқан қаланың басты проблемасына айналған. Осындай төтенше жағдайлар кезінде кері әсер етіп, кедергі туындатпай қоймайды. Жолдағы осындай кедергілерді еңсеріп, өрт сөндіру бригадасы жедел жетіп үлгереді. Бірінші қабаттағы пәтер жанып жатыр. Ал есіктері ашылмастан жабылып қалған. Терезе темірден жасалған тормен қоршалған. Терезені ашып шыққанмен, тордан өту мүмкін емес еді. Ар жағында ер адамның жан ұшырған дауысы естіледі. Аға сержант Нұржаубаев жан-жақты барлап, дереу тұрғындарды құтқаруға кірісті.
Темірден жасалған торды «Холматра» арнайы авариялық құралымен кесуге тура келді. Осылайша іште қалып қойған адамды сыртқа шығарды. Дереу әрекет етудің нәтижесінде 51 жастағы ер адам құтқарылған болатын. Ер адамға қажетті медициналық көмек берілді.
«Ерлігі үшін» төс белгісімен марапатталған Қайрат Нұржаубаевтың ерлігі мұнымен таусылмайды. Өрт сөндіру қызметінде жүрген жеті жылда сансыз адамның өмірін тілсіз жаудан арашалап қалған. Өрт сөндірушінің көзссіз ерлігі марапаттсыз қалмады.
P.S. Соңғы жылдары өрт шығуына байланысты төтенше жағдайлар жиі тіркеліп жатыр. Сол себепті төтеншеліктер тұрғындарды барынша ескертіп, өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Әр нәрсеге асқан жауапкершілікпен қарап, төтенше жағдайдың алдын алуды өзімізден бастағанымыз жөн.