19 Қазан 15:19
...

«Жанды сабақтардың» берер тәлімі қандай?

Фото:

Соңғы кездері таным тұрғысында өзіндік орынға ие болған бастамалардың бірі – «Жанды сабақтар» республикалық жобасы. 

Алматы, NEGE. Оның басты мақсаты – жастарымызды патриотизмге тәрбиелеп, олардың бойында еліміздің тарихына, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен мәдениетімізге, алдыңғы буынның жетістіктеріне деген құрмет сезімін қалыптастыру.

Жобаның негізін теорияны тәжірибеге ұштастырып, балалардың ой-өрісін кеңейтуге септігін тигізетін интерактивті саяхаттар құрайды. Біз ауыл балалары үшін қалаға, қалалық жасөспірімдер үшін ауылға сапар ұйымдастырамыз.

Облыстық кәсіпкерлер басқармасына қарасты туристік ақпараттық орталық қызметкерлері (ТАО) кәсіби гидтердің көмегіне сүйене отырып аймақтың әр тарапынан келген 2400 бала мен олардың ұстаздары үшін арнайы «жанды сабақтар» ұйымдастырып, тимбилдингтер өткізді.

Нақты айтар болсақ, 9-қазан күні Темір ауданының оқушылары үшін Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданында арнайы «Жанды сабақтар» өткізілді.

Сапар барысында балалар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешенінде, Абат Байтақ қорымында, 14-15 ғасырдан қалған тарихи ескерткіштер мен Түйетөбе мемориалында, атақты «Қасқыр сарқырамасында» болып, жел электр стансасы мен панталы емшаралар қабылдайтын орталықтың жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, оқушылардың сапары барысында әйгілі «Керуен Сарай» кешенінде болып, Көкжар мешітіне тоқтады. Жергілікті ұйымдастырушылар жас саяхатшыларды Шығанақ Берсиев атындағы аудандық аймақтану мұражайына алып барды.

Көкжар жәрмеңкесі «Керуен Сарай» тарихи-архитектуралық кешенінің құрамдас бөлігі болып табылады. Бүгінге аталмыш жәрмеңкеден жеткені - ХІХ ғасырда мықты қызыл кірпіштен қаланған, ұзақтығы 400 метрге жететін бес сауда орны мен мешіттің ғимараты. Сапар аяғында оқушылар жұлын, жүйке және омыртқа ауруларын құм ванналары арқылы емдейтін Барқын құмына барды. Табиғаты көркем бұл аймақта әсем шоқ қарағайлы орман бар.

Бұл «Жанды сабақтар» балалар үшін нағыз таным сабағы болды!

Тегтер: