Жандарбек Бекшин: Алматыда мектептер әзірге ашылмайды

вирус таралуын алдын алу жөніндегі шараларға байланыцысты онлайн баспасөз мәслихаты өтті.
Оған Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мен Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Мадеева қатысты.
Бекшиннің айтуынша, Алматы қаласында вирустың өсу қарқыны эпидемиологиялық жағдайды қиындатып жіберген.
«Жыл басынан бері қалада коронавирус инфекциясының 15876 жағдайы және 1140 этиологиясы анықталмаған пневмония тіркелді. Қалада КВИ ауруының өсуі қазан айында басталып, 366 адам тіркелген. Бұл қыркүйек айымен салыстырғанда 2,2 есе жоғары. Ал 26 қарашадағы жағдай бойынша 1122 науқас тіркеліп, қыркүйекпен салыстырғанда ауру 7 есеге өсті», – дейді Бекшин.
Бас санитардың пікірінше, індетті қоғамдық орындарда (түнгі клубтар, тамақтану орындары, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен базарлар) – 33,7%; үй жағдайында жұқтырғандар – 28,7%; қалалық көлік – 18,5%; жұмыс орны бойынша – 13,1%; шетелдерден жұқтырып келгендер – 3,5%. Қалған 2,1%-ның себебі анықталмаған.
Індет жұқтырған 115 баланың 109-ы қашықтан оқиды
КВИ-мен ауыратын науқастардың жас топтары арасында белсенділер – 20-дан 39 жас аралығындағылар. Бұлар – аталған мекемелерге жиі баратын жастар, қоғамдық орындарда жұмыс істейтіндер. Сондай-ақ, Бекшиннің айтуынша, індетті онлайн режиміндегі оқушылар да жұқтырып отыр.
«Қазір Алматыда 115 бала коронавирус инфекциясын жұқтырса, оның 109-ы қашықтан, ал 6 оқушы мектепке барып оқиды. Мектеп жасындағы дәстүрлі түрде оқып жатқан балалардың арасында коронавирус індетінің өршуіне не себеп? Олар сабақтан тыс уақытта компьютерлік клуб немесе басқа да жабық мекемелерге жиі барады. Сондай-ақ, үйдегі отбасы мүшелерінің түнгі клуб, мейрамхана және тағы да басқа адамдар көп жиналатын орындардан жұқтырып келетіні анықталып отыр», – дейді ол.
Nege.kz тілшісінің «Сауда орындары, түнгі клубтар, дәмханалар дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Бұл жерлер емес, мектеп індет ошағы саналып отыр ма?» деген сауалына Жандарбек Бекшин былай деп жауап берді:
«Бірінші байлық – денсаулық. Бізге балаларымыздың амандығы керек. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 200 мектепте 1307 кезекші сынып бар. Онда 17 мыңға жуық оқушы білім алуда. Одан бөлек 300 орындық 11 кіші жинақы мектебі және 8 мектеп-интернаты бар. Олар қалыпты жағдайда оқып жатыр. Бізді алаңдататыны – қашықтан оқып жатқан оқушылардың жағдайы. Себебі, қазір ауырып жатқан 115 баланың 109-ы онлайн режимде оқып жатыр. Қалыпты білім алып жатқан 6 бала оқыған мектеп сыныбы карантинге жабылды».
«Балаға вирусты әке-шешесі жұқтырады»
Бұл ауруды отбасына кім әкеледі? «Түнгі клубтан, мейрамханадан шықпайтын ағалары мен әпкелері әкеледі. Көбінесе жұмысқа барып жүрген ата-аналардан жұғады. Сондықтан жұмыс берушілерге айтарым – қызметкерлерді 80 пайыз қашықтан жұмыс істеуге жіберу керек. Бұл аурудың таралуын тоқтатады. Екіншіден, балалар ата-ананың қадағалауында болады. Себебі, қазір балалар бос уақытында компьютерлік клубтарға, жабық мекемедегі үйірмелерге кіріп кетеді. Онда бөлмені желдету жоқ. Екі аптаның ішінде біз 11 компьютерлік клубты анықтап, жұмысын тоқтаттық» деді Бекшин.
Жастар сауда орындарында, түнгі клубтарда өріп жүрсе, неге жаппайды? Керісінше, мектепті НЕГЕ ашпайды? Бұл сауалға Бекшин не дейді?
«Сыныпта бір бала ауырса, барлық сынып оқушысы ауырады. Сондықтан кезекші сынып толығымен ашсақ, сыныптарды ғана емес, бүкіл мектепті жауып тастаймыз. Бізге балалардың денсаулығы – қымбат. Сондықтан әзірге білім ошақтары ашылмайды. Ал түнгі клубтар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мониторинг топтары тексергенде біреуінде маска жоқ. Талап пен тәртіпке бағынбаған бірталай түнгі клубтар мен мейрамханаларды жаптық», – деді бас санитар.