Референдум Референдум
26 Ақпан 12:27
...

Жәнібек Әлімханұлының ағзасына мельдоний қайдан түскен?

Жәнібек
Фото: Жәнібек Әлімханұлының жеке парақшасынан

Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті және тәртіптік комиссия төрағасы Рахымжан Ерденбеков кәсіби боксшы Жәнібек Әлімханұлының тыйым салынған затты спорттық көрсеткішін жақсарту үшін әдейі қолданбағанын мәлімдеді.

Референдум

Астана, NEGE. Бұл жөнінде федерация басшысы Instagram желісіндегі жеке парақшасында жазды.

Оның мәлімдеуінше, Әлімханұлына қатысты істі юрисдикция берілген соң Қазақстан кәсіби бокс федерациясы қараған. Комиссия құрамына тәжірибелі сарапшылар, халықаралық дәрежедегі төреші, дәрігерлер, сондай-ақ WADA өкілдері кірген. Федерация 9 қаңтардан бастап төрт отырыс өткізген. Тексеру кезінде барлық қағида сақталған.

«Зат спортшының ағзасына өмірлік көрсеткіштер бойынша түскен. Спортшы препарат құрамында мельдоний бар екенін білмеген», – дейді Ерденбеков.

Оның жазуынша, демалыс күні спортшы ауырып, шұғыл түрде медициналық мекемеге қаралған. Тексеруден кейін дәрігерлер оны емдеуге кіріскен. Дәрігер белгіленген медициналық нормалар мен науқастың жағдайына қарай дәрі тағайындаған.

«Тағайындалған "Репронат" препараты Қазақстанда тыйым салынбаған және бүкіл ел аумағында тәжірибеде қолданылады, дәріханаларда еркін сатылады. Спорт саласынан тыс дәрігер WADA-ның тыйым салынған препараттар жөніндегі хаттамаларын білуге міндетті емес, бұл хаттамалармен тек арнайы спорт дәрігерлері ғана егжей-тегжейлі таныс, себебі олар тікелей осы салада жұмыс істейді», – дейді федерация басшысы.

Препаратты қабылдау кезінде жекпе-жек жоспарланбаған және ол оқу-жаттығу жиынында болмаған. Бұл, Ерденбековтің жазуынша, препараттың жарыс кезеңінде дене дайындығына әсер ету мүмкін деген нұсқаны жоққа шығарады.

Сондай-ақ Жәнібек Әлімханұлының әуесқой және кәсіби мансабында ешқашан допингпен ұсталмағанын, әрдайым жоғары антидопингтік мәдениет көрсетіп келгенін атап өтеді.

«Осыны ескере отырып, сондай-ақ санкциялардың пропорционалдылығы жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес, кінә деңгейі төмен деп бағаланды, мұндайда қатаң тәртіптік шаралар қолданылмайды», – деп мәлімдеді Ерденбеков.

ҚКБФ тәртіптік комиссиясының қорытындылары негізінде World Boxing Organization (WBO) өз шешімін қабылдады, ал International Boxing Federation (IBF) өз шешімін шығарады.

Референдум