Жаңаөзенде ер адам әйелді 18+ суреттерін туыстарына жіберемін деп қорқытқан
Маңғыстау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бопсалау фактісін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана, NEGE. Аталған дерек бойынша 26 жастағы жәбірленуші полицияға арызданған. Айтуынша, 26 жастағы ер адам оның интимдік сипаттағы фотосуреттерін әлеуметтік желілерде жариялаймын және туыстарына жіберемін деп қорқытып, бір миллион теңге талап еткен.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті 17 қаңтар күні WhatsApp мессенджері арқылы алдымен 200 мың теңге, ал қалған 800 мың теңгені 20 қаңтарға дейін аударуды талап еткен. Ақшаны шот арқылы алмақ болған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Жаңаөзен қаласында екі ер адам ұсталды. Тінту барысында бір күдіктіден көк түсті iPhone 14 Pro Max, екіншісінен қара түсті iPhone 11 ұялы телефондары заттай дәлелдеме ретінде тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.