23 Қазан 15:30
...

Жаңақорғанда «Жайлы мектеп» жобасы бойынша жаңа мектептің құрылысы басталды

Фото:

Облыстың 85 жылдығы мен Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерекесі қатар келгендіктен өңірде бірқатар нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Осы ретте Жаңақорған ауданының орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 600 орындық мектептің іргетасы құйылды.

Қызылорда, NEGE. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты түрде ашылған құрылыс нысанының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жерлестерін құттықтады.

«Бүгінде 10 мектептің құрылысы басталды. Ал, қалған 11-інің құрылысы жыл соңында және алдағы жылдың басында басталады. Соның бірінің іргетасын бүгін өздеріңізбен бірге қалаймыз. Білім ордасы озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын мекен болғай», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, аймақ бойынша білім саласына бөлінетін қаржы көлемі  245 млрд теңгеге жеткен. Осы орайда көптеген ауқымды жобалар жүзеге асуда. Алдағы үш жылда мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңір бойынша  құны 100 млрд теңге болатын 12 300 орындық 21 мектеп салынады деп жоспарланған.

Жаңа құрылыс алаңында білім саласының білікті ардагері Серік Мұсабай бата беріп, сәттілік тіледі.

Биыл Қызылорда өңірі бойынша құрылысы басталған нысандар саны аз емес. Мәселен, дәл қазіргі таңда  «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7,9 млрд теңге болатын физика-математика бағытында білім беретін мектеп-интернаттың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ  облыс орталығында бұған дейін  бір ғана «Оқушылар үйі»  болса,  биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен  2,5 млрд. теңгеге  350 орындықтан тұратын  заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» салынып жатыр. Бұдан өзге ауыл балалары үшін 900 орындық 4 мектеп осы жылы ел игілігіне табысталмақ.

Тегтер: