22 Қараша 16:05
...

Жаңа жылдық курс. Теңгенің құлдырауы НЕГЕ үрей туғыза бастады?

Фото:

Доллар жаңа жылда 500 теңге бола ма? Жұрт арасында жүрген әңгімеге нүкте қою үшін Nege.kz осы сұрақты сарапшыларға қойып көрген еді. Олар дәл қазіргі жағдайда валюта бағамының күрт өзгеруін күтпейтінін айтады.

TikMill брокерлік тобының сарапшысы Армен Бейсенбаевтың сөзінше, билік жаңа жыл қарсаңында халықты жағымсыз оқиғалармен қорқытуға аяқ баса бермейді. «Сондықтан мен теңге бағамына қатысты айтарлықтай ауытқуларды күтпеймін», – дейді ол. Сарапшының пікірінше, қазір әлемдік нарықтағы мұнай бағасы айтарлықтай құбылып тұрғандықтан, ол теңгеге әсер етіп, бағамды долларына 434-435-ке көтерген.

«Мен жаңа жылдық мейрамдар алдында мұнай қайтадан өсу траекториясына оралуы мүмкін деп есептеймін. Ол өз кезегінде, теңге бағамын бір долларға шаққанда 428-426-ға дейін қалыпты түрде нығайтуға мүмкіндік береді. Бағамдағы қандай да бір күрт өзгерістер туралы айтатын болсақ, ол тек жаңа жылдан кейін, ақпан-наурыз айларында болуы мүмкін»

Теңгеге әсер ететін екі ірі фактор бар – мұнай мен Ресей. «Ұлттық валютаға өткен аптада мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы тізесін батырды» дейді сарапшылар. Ресей факторы да теңгеге ғана емес, жалпы инфляция мен экономикалық тұрақтылыққа жағымсыз әсер беріп отыр.

«Бір сөзбен айтқанда, біз инфляцияны Ресейден импорттаймыз. Ресейден келетін импорт біздің ортақ импорттың үштен бірін бөлігін құрайды және ол біздің Ресейге жөнелтетін экспортымыздан асып түседі», – дейді EXANTE халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев.

«Сондықтан біз олардың өнімдерімен қатар, инфляциясымен, бағаларын және әлсіз тұстарын да импорттаймыз. Тағы бір маңызды көрсеткіш – доллар индексі. Нарықта түсініксіз жағдай бола қалса, инвесторлар акцияларын сатып, долларға ауыса бастайды. Доллар капиталды қорғаудың ең жақсы құралы екені рас. Ал сол доллардың индексі соңғы жарты жылда 92-ден 96 пунктке дейін өскен»

Мамандар, теңге дәл қазір құнсыздана қоймаса да, оны үлкен тәуекелдер күтіп тұрғанын айтады.

«Теңгенің құнсыздануының (тіпті шағын валюталық сілкініс болса да) әсерінен орасан зор теңгелік ақша массасы (ең алдымен бөлшек депозиттер) валюталық нарықты басып кетуі мүмкін», – деп жазады қаржы сарапшысы Владислав Туркин. Қарапайым тілмен түсіндірсек, егер азаматтар әлденеден секем алып, теңгедегі депозиттерін жаппай долларға ауыстыратын болса, бұл ұлттық валютаны одан сайын құлдырататын болады.

Долларға шаққандағы теңге бағамының 435 теңгеге жеткені біз үшін таңсық емес. Ондай курсты біз былтырғы көктемнің өзінде көріп үлгерген болатынбыз. Психологиялық меже – 450. Бірақ жаңа жылға дейін ондай межеге жетуге ешкім мүдделі емес екенін айтуымыз керек.

Тоқетері – өзгерістер болса, тек жаңа жылдан кейін ғана болады...  

Тегтер: