Референдум Референдум
22 Желтоқсан 17:30
...

Жаңа жылдағы демалыс. Сарқырамалар

Фото:

"Жаңа жылдағы демалыс" сериясында біз Алматы маңындағы қыста демалуға болатын ең көрікті жерлерді таныстырамыз.

Референдум

Сарқырама жанға ерекше ләззат сыйлайды. Сондықтан біз оған ғашықпыз. Алматыда тұрып, керемет сарқырамаларды тамашалауға болатынын білесіз бе? Білмесеңіз мұқият танысып, жаңа жыл мерекесіндегі бірнеше демалыс күнін тамаша қылып өткізе аласыз.

«Аюсай» сарқырамалары

«Аюсай» сарқырамалары «Іле-Алатау» ұлттық паркінің кішілеу, бірақ әдемі табиғат сыйларына жатады. «Аюсай» трактісінің бойынша орналасқан. Бұл аймақты қоңыр аюлар мекендейді. Олардың төл сайы бұл. Жіңішке өзен жол бойымен өтіп, жартастан секіріп жатқандай әсер береді. Егер сарқырамаға жақын келсеңіз, қош иісті су буына енесіз. Сарқыраманың оң жағындағы тік бетке шығып, ары қарай көтеріле берсеңіз, екінші сарқыраманы көресіз. Сол жерден Үлкен Алматы шыңының керемет көріністерін тамашалауға болады.

Фото: "Туранга Групп"

«Горельник» сарқырамалары

«Горельник» тау өзені «Кіші Алматы» өзеніне құйғанда, сарқырама арқылы өтеді. Ертеректе осы өзеннің шатқалына кіре берісте туристік орталық пен балалар лагері болған. Бірақ оларды 70-ші жылдары сел алып кетті.

Сарқыраманы көру үшін осы «Кіші Алматы» өзенін бойлап жоғары жүре беріңіз. Кербез Тянь-Шань шыршаларынан, шуақты шалғындар мен көлеңкелі саңырауқұлақтардан өтесіз. Биікке жарты шақырымдай көтерілсеңіз, сарқырама алдыңыздан шығады. Бұл жерде сіз «Күмбел» шыңына көз сала аласыз.

Бірақ онымен тоқтамаңыз. Алда одан да үлкен екінші сарқырама бар. Толықсыған ну буына енесіз, елтіп кетеріңіз һақ. Бақыт сыйлайтын көк құсты көрген туристер де бар. Ол құс осы сарқыраманы мекендейді.

Фото: "Туранга Групп"

«Бутаковка» сарқырамасы

«Бутаковка» шатқалының да өз сарқырамасы бар. Шатқалды өрлеп жүре берсеңіз, биік тік жартастар көтеріліп жатқан ойықтан керемет сарқырама тауып аласыз. Сарқыраманың биіктігі - 25 метр. Су бірнеше тармаққа бөлініп келіп, биіктен құлдилайды. Қала шуынан, еңсені езер күйбең ойдан арылуға көмектесетін тамаша орын дейді, білетіндер.

Фото: info.outdoorcenter.kz

«Түрген» сарқырамалары

«Түрген» шатқалын сарқырамалардың отаны десек артық кетпейміз. Шатқалдың өзі Есік қаласынан кейін басталады. Бұл көшпелі тайпалар іздері сайраған, сақ қорғандары түйісетін Оңтүстік-Шығыс Азияның ежелгі керуен жолы. Археологтар бұл жерде біздің дәуірімізге дейінгі 2-3 мың жылдардағы қоныстардың іздерін тапқан.

Түргенде жер астынан бұлақтар мен ыстық гейзерлер атқылайды. Шығысқа кететін жол саяхатшыларды Асы таулы үстіртіне апарады. Түргенді түріп ағатын Бозгүл өзені табиғаттың таңғажайып сарқырамасын жасап бергендей.

Фото: steptotravel.timelines.ru

«Түрген» шатқалында жеті сарқырама бар. Оның ішінде Іле Алатауының бөктеріндегі ең ірі сарқырама – «Қайрақ» сарқырамасын атап кетуге болады. 55 метрлік биіктіктен тас баспалдақтардан төмен құлдилаған су нөпірін көресіз. «Қайрақ» та каскадты сарқырама болып табылады.

Одан кейін «Түрген» өзеніндегі «Аю» сарқырамасын тамашалауға шақырамыз. Биіктігі - 30 метр. Ол шатқалды кесіп өтетін негізгі жолдан екі шақырым жерде орналасқан. Оған жету өте оңай.

Тегтер:
Референдум