ЖАҢА РЕГЛАМЕНТ: Енді «маубас» депутаттар азая ма?

Қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Жаңа өзгерістер мен ережелер қандай? Парламенттің қай палатасына басымдық беріледі? NEGE тілшісі осы сұрақтарға қатысты Әділет министрі Қанат МУСИННІҢ және Мәжіліс депутаттарының пікірін білген еді.
Қанат МУСИН, Әділет министрі: Енді Ақордаға заң жобалары Сенаттан емес, Мәжілістен кетеді
– Конституцияға жаңадан енгізілген өзгерістер толық күшіне енді. Соған сәйкес Парламенттің процедуралары өзгерді. Бұл Парламент ішінде құжаттар қалай жүргізілетінін анықтап береді. Енді заңды Мәжіліс қабылдайды. Егер ол заңды Сенат мақұлдамаған жағдайда өздерінің ұсыныстарымен бірге Мәжіліске қайта енгізеді. Мәжілісмендер оған келіссе қабылдайды, келіспесе қабылданған деп есептеліп, Президенттің қол қоюына жіберіледі.
Демек, 2023 жылдан бастап заң жобалары Ақордаға Сенаттан емес, Мәжілістен кетеді. Бірақ бұл Сенат жұмысы өзгерді деген сөз емес. Ол заң қабылдау процесіне қатысады.
Содан кейін Сенат пен Мәжілістің осындай бірлескен отырыстарында конституциялық заңдар қабылдайды. Одан бөлек, Үкімет жүзеге асаыратын жедел заңдар бар. Сенатсыз Парламент жұмыс істемейді.
Айдос САРЫМ, депутат: Ұйықтайтын депутаттарды көріп жүргенім жоқ
– Бірнеше ай бойы еңбектеніп, осы өзгерістерді қабылдадық. Болашақта Парламентке енетін демократиялық бағыттарға қатысты көптеген ұсыныс бар. Оның ішінде оппозиция өкілдеріне әрбір үлкен заңнан кейін міндетті түрде уақыт берілуі керек деген сияқты норма да енгізілген.
Жалпы, негізгі өзгерістер бізде болады. Бұл – Парламенттің рөлін кеңейтуге, Мәжілістің ішіндегі бәсекелстікті арттыруға, депутаттардың белсенділігін көрсетуге бағытталған дүние.
Қазірдің өзінде кез келген депутат кез келген уақытта микрофонды қосып, сөз сөйлей алады. Талқының саны артып жатыр. Демек, мұның бәрі заңдардың дұрыс қабылдануына әсер етеді.
Заң дұрыс болса, экономика дамиды. Тыныштық болады. Президент те айтты ғой: «Талқының басым көпшілігі көше мен далада емес, Парламенттің ішінде өткені дұрыс», – деп. Енді ұйықтайтын депутат деген болмайды. Қазірдің өзінде оларды көріп жүргенім жоқ.
Азат ПЕРУАШЕВ, депутат: Мен сөйлейтін кезде микрофон қосылмай қалатын еді
– Бүгінгі регламенттің халыққа қалай тиімді болатынын тек практика ғана көрсете алады. Біз, яғни, «Ақжол» партиясы ұсынған екі ұсыныс өтті. 2012 жылы біз Парламентке тіркелген кезде қос палата отырысында бірнеше рет сөз берілмеді. Немесе мен сөйлейтін кезде микрофон қосылмай қалатын.
Ал қазіргі регламент бойынша, Парламент фракцияларының басшыларына міндетті түрде сөз де және партияның пікірін жеткізу үшін қосымша уақыт та беріледі.
Екіншіден, дауыс берудің нәтижелері ресми, ашық түрде Парламенттің сайтында жариялану керек деп ұсыныс жасадық. Оны біздің әріптестеріміз қабылдады. Біз 5 маусымнан бері жаңа Конституциямен өмір сүріп отырмыз. Соған сай бірнеше заңдарды күзде келтірдік. Оның ішінде Парламент, Үкімет туралы заңдар бар. Ендігі жылы Парламенттің регламенті ішкі тәртібімізді сол заңдарға сай реттейміз. Ендігі кезекте Мәжілістің регламенті тұр.