7 Маусым 19:37
...

Жаңа Қазақстанның ескі кадрлары таққа таласты күшейтті

Фото:

Президенттің пәрменімен құрылатын жаңа үш облыс – Абай, Ұлытау, Жетісу әкімдерінің орынтағына үміткерлердің есім-сойын жұрт әлден сөз ете бастады.

Айтылып жатқан алдын ала болжамдарға қарағанда, Талдықорғаннан Қонаевқа жол тартатын әкім-қаралардың көшін Қанат Бозымбаевтың өзі бастамақ. Ал жұртта – Талдықорғанда қалатын әкім кім? Кейбіреулер Жетісудің болашақ әкімі болуға Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бағдат Мәнізоров дәмелі екенін айтады.

Б.Мәнізоров.

Мәселен, Ұлытау қатысты екі бірдей үміткердің – қазіргі депутат Берік Әбдіғали мен қазіргі білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің де аты аталады. Ал Абайға Нұртай Сәбильяновты «әкім тағайындап» қойғандардың қарасы басым. Тіпті қызды-қыздымен «Хабар» арнасының басшысы Берік Уәлиді де «Абай облысына әкім болып барады екен» деп гулетті.  

Кейбір топшылауларға қарағанда, жергілікті ерекшеліктер де ескерілуі тиіс. Өйткені, қазірдің өзінде кей жерлерде рулық бәсекестік, талас күшейіп тұрған сыңайлы. 

Президенттің бұл өңірлерге бөлек отау тігіп беруге шешім қабылдауы бекер емес. Мәселен, қай қырынан алсаң да, қаңырап жатқан өлкелер бар. Оларға жан бітіру – басты мақсат.

Б.Әбдіғали.

«Аймақтар мықты болмай мемлекет күшеймейді. Облыстарды қайта бөлу облыстардың әлемеуметтік, өндірістік потенциалын күшейтуді көздейді. Бұл үшін мықты менеджерлер керек», – дейді аймақтанушы Мақсат Жақау.

Әрине, әкімдерге қатысты кесімді сөзді Ақорда айтады. Жаңа есімдерді де естуіміз ғажап емес. Десе де, экономист Мақсат Халық «басқару мәселесіндегі түйткілдер осы игі бастаманың өзін құрдымға жібере ме?» деген күдігін жасырмады.   

Н.Сабильянов.

«Қазіргі әкім-қаралар ­– бұрынғы мектептің өкілдері. Халықтың алдында екі сөздің басын құрап, халықтың алдында есеп бере алмайды. Президенттің тапсырмасын бұрмалап, басқаша жеткізеді. Халыққа дауыс көтеріп, айқайлап тұратындары да бар. Олай болса, өңірдің бөлініп шыққанынан пайда болады деп ойламаймын», – дейді сарапшы.

Мақсат Халықтың пікірінше, алдымен басқарушылық менеджментті күшейтіп, мемлекеттік қызметкер мәдениетін қайта қарау керек.

«Әлеуметтік желілерде «әкімдерді менеджер деп қабылдайық» деген ұсыныс болды. Әкімдер билік жүргізу үшін емес, қызмет ету үшін бара жатқанын түсінуі тиіс. Жаңа Қазақстанды бұрынғы кадрлармен қалай құрамыз? Олардан қандай жаңалық көруіміз мүмкін?», – дейді Мақсат Халық. 

Б.Уәли.

Экономист Мақсат Сералы бұл пікірмен келіспейді. Жаңа құрылатын облыстарға тәжірибелі әкімдер керек. Ал ноу-хауды білетін жас әкімдер аймақтарға емес, қалаларға таптырмайды.

«Бұл жерге тәжірибесі бар, инвестиция тарта алатын әкім керек. Олардың ірі компаниялармен жұмыс тәжірибелері маңызды. Инвесторларға сенімді әріптестер керек», – дейді маман.  

Тегтер: