13 Маусым 18:17

«ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ» бет-бейнесін білмейтін ӘКІМ

Фото:

Жетісу облысының Ескелді ауданында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың брифингін өткізді. Алайда бұл жиын өңірлік БАҚ өкілдерімен кездесуге көбірек ұқсап кетті. 

Жетісіу облысының білім саласында соңғы уақытта жемқорлық фактісі жиілеп кетті. Талдықорған қалалық білім бөлімінің есепшісін тергеу органдары «2 млрд теңге жымқырды» деген күдікпен ұстады. Басқармасының басшысы пара алғаны үшін істі болып жатыр. Ал кеше Қаратал өзенінің жағасынан қалалық білім басқармасының бұрынғы басшысының денесі табылды... 

NEGE тілшісінің бірінші сұрағы осыған қатысты болды: «Сіздің осы салаға жауапты орынбасарыңыз не себепті әлі орнында отыр? Кінәлілердің қылмысы сот үкімінен дәлелденсе, салаға жауапты орынбасарыңыз Рүстем Әли қызметінен кете ме?»

Бейбіт Исабаев алыстан орағытып келді де, орынбасарының ешқайда кетпейтінін меңзегендей болды. 

«Біріншіден, Рүстем Әлидің жұмысқа келгенінен 1 жыл да толған жоқ. Білім саласындағы қылмыстарды біз тексеріп, зерттеп келсек кемінде 4-5 жыл бұрын басталған. Қазіргі тергеу амалдарының құпиялығына байланысты айтуға хақым жоқ, бірақ бәрін білемін. Дегенмен, 4-5 жыл бұрын жан басына шаққандағы қаржыландыру басталғаннан бері​ осындай қылмыстық топ ұйымдаса бастаған.

Екіншіден, менің орынбасарым әлеуметтік салаға, оның ішінде білім-ғылым саласын басқарады. Сол салаға жауапты куратор. Бұл – Талдықорған қаласында болған оқиға. Егер тергеу амалдарының нәтижесінде менің орынбасарымның ғана емес, Талдықорған қаласы әкімінің оқу-білім саласы бойынша орынбасарының, болмаса тағы басқа облыстық басқарма басшысының және оның орынбасарларының қатыстылығы тікелей немесе жанама дәлелденсе, бұл мәселені заң шеңберінде қараймыз. Дәл қазір қызметінен алып тастауға қатысты нақты дәлел көріп тұрған жоқпын.

Сондықтан 8-9 ай жұмысына жаңадан кіріскен облыс әкімінің орынбасарын қолымда айғақтарым болмай, жұмыстан шығару туралы шешім қабылдауға әлі ерте. Бірақ айғақ шығуы мүмкін. Бұл жерде қалалық білім басқармасының есепшісі, болмаса мектеп есепшісі емес оның ар жағында басқа да адамдардың фамилиялары аталуы мүмкін», – деді әкім.

Р.Әли

Осы тұста ескерте кетейік, Рүстем Әли 2020-2021 жылдары да облыс әкімінің орынбасары болған. Бірақ ол кезде Жетісу облысы бөлінбей тұрған кез және облыс әкімі «Бөкеңнің досы» Амандық Баталов еді. Егер Бейбіт Өксікбайұлы айтқандай, қылмыстық топ әрекетін 4-5 жыл бұрын бастаса, қазіргі орынбасары оны қалай білмей қалған?

Бірақ Бейбіт Өксікбайұлы тікелей немесе жанама дәлел болса ешкімді аямайтынын да айтып қалды. Кім білсін, әкімнің бір білгені бар шығар...  

Тілшіміздің екінші сұрағы кадр мәселесіне қатысты болды. «Мықты кадрлар жұмыстан кетіп, олардың орнына әкімнің туыстары мен жақындары келіп жатыр» деген әңгіме бар. Осы ақпараттың рас-өтірігін тілшіміз әкімнің өзінен сұрап білді. 

«Мықты кадрлардан ешкімді жұмыстан шығарған жоқпын. Сондай-ақ, сырттан мен өзімнің туысымды, менімен бірге бір мекемеде қарамағымда жұмыс істеген бірде-бір адамды облысқа басшылық қызметке алған емеспін. Барлығы осы жердің жергілікті кадрлары.

Баяндамамда да айтып өттім, кадрларды осы жерден іздейміз. Егер менің айтқаныма сенбесеңіздер, интернеттен қарап, «мынау туысқаныңыз екен, мынау жерлесіңіз екен, мынау сыныптасыңыз екен» деп көрсетіңіздер. Тағы қайталап айтайын, бір де бір туысқанымды, танысымды жұмысқа алған жоқпын және болашақта да жұмысқа алмаймын. Бұл менің –  принципім. Жақсы жұмыс істеп жатқан кадрларды мен орнында қалдырамын», – деді облыс әкімі. 

Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласының әкімі Әсет МАСАБАЕВТЫ көз алдына отырғызып қойыпты. Естеріңізде болса, «Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев облыс әкімімен арадағы кикілжіңнен соң ауруханаға түсті» деген ақпарат тараған.

Бұған қатысты Б.Исабаев бүй дейді: «Бұл – өтірік, жалған ақпарат. Екеуміздің арамызда ағалық-інілік, жолдастық, әріптестік, сыйластық қатынастардан басқа ештеңе жоқ. Кімнің аузына қақпақ боламыз? Әсет оған дейін 4-5 мамыр күні жұмысы қауырт болып, өзінің кішкене қан қысымы көтеріліп ауруханаға түскен. Одан кейін осы ақпаратты айтып жатыр. Өзі қан қысымы көтеріліп жатқан адамға «жұмысынан кететін болыпты, облыс әкімімен төбелесіпті» деген мәселелерді айтқан азаматтардың арына қалдырдым».

Облыс әкімі «ағалық-інілік» туралы айтып жатқанда қала әкімі күлімдеп, басын изеп тұрды. Шынымен де екеуінің бұл тұрысы «ағалық-інілікке» ұқсайды. Ағасы жағасынан алмақ түгілі, жұмсақ жерінен теуіп жіберсе де, інісі дәл осылай жымиып тұра береді емес пе, өйткені ол іні ғой...

Ең қызығы, сөз арасында «ескі жүйе» туралы бірнеше рет айтқан Бейбіт Исабаев Жаңа Қазақстанның бет-бейнесі қандай екенін білмейтін болып шықты. Тілшінің «Жаңа Қазақстан» туралы сұрағына былай деп жауап берді: «Жаңа Қазақстанның бет-бейнесі қандай болатынын мен білмеймін. Оның фотографиясын ешкім көрсеткен жоқ бізге. Бірақ, жаңаша жұмыс істеу қандай болатынын білемін». 

Жетісу облысының әкіміне «Жаңа Қазақстанның» бет-бейнесі қандай екенін кім айтады? Жаңа Қазақстан деген Әділетті Қазақстан екенін осыған дейін талай айтып келген Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі үшін тағы бір мәрте арнайы түсіндіріп берер, бәлкім?..

Тегтер: