Жаңа жыл кезінде жедел жәрдем 27 мыңға жуық шақыртуға көмекке келді
Алматы, NEGE. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 31 желтоқсан күні жедел жәрдемге 27 мыңға жуық шақырту түскен. Оның ішінде 17 мыңнан астамы шұғыл әрекет етуді қажет ететін 1-3-санаттағы шақыртулар болса, 10 мыңға жуығы 4-санатқа тиесілі болған.
Еліміздегі ең көп шақыртулар Алматы облысында тіркелді, мұнда жедел жәрдем 3073 рет қызмет көрсетті. Одан кейінгі орындарда Алматы қаласы – 2800 шақырту, Түркістан облысы – 2358 шақырту, және Астана қаласында – 1492.
2024 жылдың 11 айында жедел медициналық жәрдем бригадалары 7,7 миллионнан астам шақыртуға қызмет көрсетті. Оның ішінде 4,9 миллион шақырту 1-3-санаттағы жедел көмекке, ал 2,8 миллион шақырту 4-санаттағы көмекке жатады. Өткен жылмен салыстырғанда шақыртулар саны артқанымен, табысты реанимацияның көрсеткіші де өсті. Бұл көрсеткіш 7,1 пайызға ұлғайып, барлық жағдайлардың 51,7 пайызына жеткен.
Қазіргі уақытта елімізде жедел медициналық жәрдем қызметін 20 дербес станция, 98 қалалық кіші станция және 232 аудандық бөлімше қамтамасыз етеді. Шұғыл медициналық көмек мемлекет кепілдік берген тегін медициналық қызмет көрсету аясында тәулік бойы және аптасына жеті күн қолжетімді.
«Облыстық және қалалық жедел жәрдем станцияларында бір ауысымда 1 491 көшпелі бригада жұмыс істейді, МСАК ұйымдарының (емхана) жанындағы жеделділіктің 4-санатындағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін 446 бригада жұмыс істейді», — делінген хабарламада.