Жаңа заман спорт менеджері
Қоғамның дамуына әр салада өзінің білімімен, тәжірибесімен және нақты ісімен үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Бірі мемлекеттік қызметте жүріп, ел игілігіне еңбек етеді, енді бірі кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамалар арқылы пайдалы жобаларды жүзеге асырады. Ал кейбір азаматтар қызметтің бір саласында жинаған тәжірибесін басқа бағытқа әкеліп, жаңа серпін беруге ұмтылады. Осындай азаматтардың бірі – Оспан Әжібеков.
Астана, NEGE. Оның еңбек жолына көз жүгіртсек, ең алдымен, мемлекеттік аудит саласындағы ұзақ жылғы қызметі назар аударады. Бұл – сырт көзге көп байқала бермейтін, алайда мемлекет үшін маңызды сала. Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау, мемлекеттік қаржының әрбір теңгесіне жауапкершілікпен қарау, кемшіліктердің алдын алу – үлкен кәсібилікті ғана емес, принципшілдікті де талап етеді.
Оспан Әжібеков ұзақ жылдар бойы дәл осы бағытта еңбек етіп, мемлекеттік аудит жүйесінде мол тәжірибе жинақтады. Оның қызметінің негізінде мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына бақылау жасау, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және жүйелі тәртіпке негізделген жұмыс қағидаты жатты.
жеке мұрағатынан
Жаңа саладағы жаңа жауапкершілік
2025 жылы Оспан Әжібеков өзінің осы уақытқа дейін жинаған басқарушылық және ұйымдастырушылық тәжірибесін өзге салада сынап көруге шешім қабылдады. Ол спорт саласына ауысып, сол жылдың сәуір айында Қазақстан Бокс федерациясының вице-президенті болып тағайындалды.
Қазақстан спортының тарихында бокстың алар орны ерекше. Қазақ боксы – елдің халықаралық аренадағы беделін көтеріп, көк туымызды талай мәрте биікте желбіреткен спорт түрі. Сондықтан бұл саладағы әрбір басшының, әрбір маманның және жанашыр азаматтың мойнында үлкен жауапкершілік бар. Оспан Әжібеков жаңа қызметке жай ғана лауазым ретінде қараған жоқ. Ол боксшылардың дайындығына, спортшылардың жағдайына, халықаралық жарыстарға кешенді әзірлік жүргізіп, бұл мәселеде нақты қолдау көрсетуді басты бағыттарының біріне айналдырды.
Спортта үлкен жеңіс кездейсоқ келмейді. Оның артында ұзақ жылғы дайындық, кәсіби жаттығу, дұрыс ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиындары және спортшының психологиялық дайындығы тұрады. Осыны жақсы түсінген кейіпкеріміз 2025 жылдың шілде-тамыз айларында еліміздің үздік боксшыларын АҚШ-тың Калифорния штатына оқу-жаттығу жиындарына жіберуге өз қаражаты есебінен қолдау көрсетті. Бұл қадам қазақстандық спортшыларға жаңа ортада дайындалуға, халықаралық деңгейдегі жаттығу жүйелерімен танысуға және үлкен бәсекелер алдындағы шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берді. Мұндай бастамалардың нәтижесі де көп күттірген жоқ.
Ливерпульдегі жеңістің жолы
2025 жылдың кқыркүйегінде Қазақстан құрамасының Ливерпульде өткен әлем чемпионатындағы жетістігі отандық спорт тарихындағы маңызды белестердің бірі болды. Ұлттық құраманың боксшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, командалық есепте 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңді. Бұл – тек спортшылардың ғана емес, тұтас команданың, жаттықтырушылар штабының және бокс саласын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың ортақ еңбегінің нәтижесі.
Жас менеджер Оспан Әжібеков Ливерпульдегі әлем чемпионатына ұлттық құраманың сапарын ұйымдастыру мәселесімен ғана шектелген жоқ. Ол Ұлыбританияда тұрып жатқан қазақ жанкүйерлерінің басын қосуға да ерекше көңіл бөлді. Жарыс кезінде спортшы үшін жанкүйердің қолдауы – үлкен күш. Әсіресе, елден жырақта, мыңдаған шақырым жерде өткен бәсекеде туған елдің туын көтеріп, бір мақсатқа жұмылған жанкүйерлердің қолдауы спортшының жігерін жаниды.
Осыны түсінген Оспан Әжібеков Ливерпульдегі қазақстандық жанкүйерлерге қолдау ұйымдастырып, олардың біркелкі форма киюіне жағдай жасады, жарысқа баруына мүмкіндік туғызды. Мұның барлығы өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нәтижесінде, Ливерпуль төрінде қазақ боксшыларына жанкүйер болған азаматтардың ұйымшыл қолдауы қалыптасты. Көк туды көтеріп, спортшыларға ерекше рух берген жанкүйерлердің қолдауы ұлттық құраманың жігеріне жігер қосты.
жеке мұрағатынан
Жеңімпаздарға құрмет
Жарыстан кейін де Оспан Әжібеков спортшыларға деген жанашырлығын нақты іспен көрсетті. Әлем чемпионатында жүлдеге ие болған боксшылар елге оралған соң Шымкент қаласында оларды арнайы марапаттап, «Аманат» партиясы атынан ұйымдастырылған шара аясында өз атынан қаржылай сыйлық табыстады. Бұл – жай ғана материалдық қолдау емес. Бұл – спортшының еңбегін бағалау, ел намысын қорғаған азаматқа құрмет көрсету. Көп жағдайда спортшының жетістігі жарыс кезінде ғана ел назарында болады. Ал үлкен жеңіске жету үшін оның бірнеше жыл бойы қандай еңбек еткені, қандай қиындықтан өткені көпшілікке көріне бермейді. Сондықтан жеңімпазды дер кезінде қолдау, оның еңбегін бағалау – жастарға да үлкен мотивация.
«Үздік федерация» атағы бекер емес
Оспан Әжібеков спорт менеджментінде тек жарыста жеңіске жетумен шектелмей, оның инфрақұрылымына, болашақ резервіне және жас спортшылардың жағдайына да көңіл бөліп келеді. 2025 жылы ол үш республикалық спорт мектебіне өз қаражаты есебінен спорт құрал-жабдықтарын алып берді. Атап айтқанда, Республикалық спорт колледжі, Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі және Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі қажетті спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне де спорт жабдықтарын алуға қолдау көрсетілді.
Бұл бастамалардың маңызы ерекше. Өйткені үлкен чемпиондар көбіне дәл осындай спорт мектептері мен колледждерінен шығады. Бүгінгі жасөспірім – ертеңгі ұлттық құраманың белді мүшесі. Ал оның қолайлы жағдайда жаттығуы болашақтағы үлкен жеңістердің негізін қалайды. Сондықтан спортқа көрсетілген қолдауды тек қазіргі чемпиондарға берілген көмек ретінде емес, елдің келешегіне салынған инвестиция ретінде қарастыру қажет.
Осындай атқарылған игі жұмыстар мен отандық бокс саласының былтырғы жетістіктерінің нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Бокс федерациясы еліміздегі үздік спорт федерациясы атағына ие болды. Әрине, мұндай таңдауда тек басшылық құрамның еңбегі есепке алынбайды. Бұл сондай-ақ жаттықтырушылардың, спортшылардың, дәрігерлердің, басқа да мамандардың және салаға қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың ортақ жетістігі.
Жалпы, Оспан Әжібековтің бүгінгі еңбегі зая емес. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін жаңа салада пайдаланып, жеке мүмкіндігін ел спортының дамуына бағыттау – азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Толағай жеңістер әрқашан кешенді жұмыстан, тиімді шешімнен, жан-жақты қолдаудан басталады. Мұны бүгінгі жас спорт менеджерлері жақсы түсінеді. Сондықтан қолдауды тек бүгінгі ұлттық құрама мүшелеріне ғана емес, спорт интернаттарындағы жасөспірімдерге де жан-жақты көрсетіп келеді. Себебі ертең олардың арасынан әлем, Азия, Олимпида чемпиондарының шығуы бек мүмкін.