Жаңа Үкімет туралы депутаттар не дейді?
Қаржы министрі болып тағайындалған Мәди Тәкиевтің Мәжіліс депутаты ретінде өкілеттігі бүгін мерзімінен бұрын тоқтатылды. Ал депутаттар Үкіметте ауқымды ауыс-түйіс күткендерін айтады.
Еске салсақ, 6 ақпанда Үкімет таратылып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысын тағайындады. Сондай-ақ төрт министр өз орнын босатып, қалғандары лауазымдарын сақтап қалды. Ауысқан министрлер – Қаржы және Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау мен Төтенше жағдайлар министрлері. Депутаттар әріптесі Мәди Тәкиевтен көп үміт күтетінін айтып, «тағы бірқатар министрлер ауысуы керек еді» десті.
Үкіметтің қаржы блогына жауап беретін екі министрдің ауысуын депутат Ринат ЗАЙЫТОВ құптап отыр. Оның бірі – өз әріптесі Мәди Тәкиев.
– Кез келген мемлекетте қаржы-экономика саласы жұмыстарды іске асыруға ең негізгі дәнекер болатын ведомство болғаннан кейін бұл салаға реформа қатты керек. Біздің қазіргі жағдайда қаржы саласын ретке келтіретін мамандар қажет. Бұл ретте Мәди Төкешұлының Қаржы министрлігіне барғанын өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Ол кісінің қаржы саласындағы біліктілігін бірге жұмыс істеу барысында көрдік. Өзінің тың ойлары бар еді, енді солар іске асатын шығар деп ойлаймын.
Сосын, біздің депутаттық сауалдарымыз бен ұсыныстарымыз Қаржы министрлігіне келіп тірелетін. Олар құпталмай қалып, «қаржы жоқ» дейтін. Енді қазір әріптесіміз барғаннан кейін, ондай сұрақтарды шешу әлдеқайда жеңіл болатын шығар деп ойлаймын. Ол кісінің өзі осында Қаржы комитетіне басшылық еткен кезде қаржыны дұрыс жұмсауға қатысты көп ұсыныс алған. Енді бұл мүмкіншілік өзінің қолына келді. Ол осы мәселесін шешеді деп күтемін, – дейді Ринат Зайытов.
Алайда мәжілісмен Үкіметте ауыс-түйіс ауқымды болады деп күткенін, алайда көп министрлер бұрынғы орындарында қалғанын айтып отыр.
– Негізінде ойланып қарайтын үш-төрт министрлік бар еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі сияқты бірқатар органға ауыс-түйіс керек еді. Оны депутаттар да айтқан. Ғылым және жоғары білім министрлігіне де көп сұрақ бар. Мысалы Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша депутаттық сауал да жолданған. Өкінішке қарай, ол министрлердің тағайындалуы кезінде мен ақысыз демалыста болғанмын. Бірақ алда олар өз жұмыстарына өзгеріс енгізеді деп ойлаймын. Десе де ол кісілердің қазіргі жұмыстарында біраз олқылықтар бар, – деді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Мұрат ЕРГЕШБАЕВ министрлердің көбі өз лауазымдарын сақтап қалғанын құптайды.
– Қалай болғанда да, ол министрлердің барлығы үш-төрт ай бұрын ғана, яғни жақында тағайындалған. Сондықтан оларға да өз жоспарларын бекітуіміз керек. Сол жоспар арқылы олардың бағытын білгеніміз жөн. Шынын айтқанда, өте күрделі мәселелер тым көп. Солардан шығу жолдарын бізге жеткізуі керек және өз жұмысын көрсетсін. Сондықтан егер нәтиже оң болса, онда оларға сенім білдіруге болады деп ойлаймын, – дейді мәжілісмен.
Жаңадан сайланған Қаржы министрі Мәди ТӘКИЕВТІҢ өзі депутаттық тәжиірибесі министрлік қызметінде үлкен көмек болатынын айтып отыр.
– Менің жинаған тәжірибем мен білімім қазіргі уақытта дәл осы қызметке қажет болып тұр. Өздеріңіз білесіздер, қазір бізде ең бірінші мәселе – тез арада Салық кодексін енгізуіміз керек. Сонымен қатар депутаттармен бірге жасап шығатын бірталай заң бар.
Қазіргі уақытта барлық мәселе салықтың өзінде немесе салықты тарату мен оның саясатында емес, барлық мәселе – салықты басқару мен ұйымдастыруда. Бізге өндірісті дамыту үшін тұрақтылық керек. Дұрыс заң қабылдасақ тұрақтылық та келеді, бизнес те дамиды, – дейді Мәди Тәкиев.