USD
USD
USD

Жаңа оқу жылы: Қазақстан мектептеріндегі өзгерістер қандай?

Биыл Қазақстанда 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылы оқушылар мен ата-аналар үшін бірқатар өзгеріспен басталды.

оқушылар
Фото: Gov.kz

Астана, NEGE. Бағалау жүйесі жаңарып, сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойылады, мектеп бағдарламасына жаңа курстар қосылып, профилактикалық медициналық тексеру тәртібі өзгереді. Редакция тілшісі 2026–2027 оқу жылындағы басты жаңалықтарға шолу жасады.

Жаңа оқу жылы сандармен

Қазір Қазақстанда 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық елді мекендерде орналасқан. 2026–2027 оқу жылында мектептерде 4,1 млн оқушы білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданса, 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшті. Жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мың оқушы орнына арналған 57 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа мектептердің ең көбі Алматы қаласында, Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарында ашылды.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау биыл «OQU» бірыңғай платформасы арқылы кезең-кезеңімен жүргізілді. Өтініштердің 88,7 пайыздан астамы электронды түрде қабылданған.

Мұғалімге гүл сыйлау міндетті емес

Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйекте мұғалімге гүл сыйлау мәселесіне де түсініктеме берді. Ведомство мұны жақсы дәстүр деп атағанымен, гүл сатып алу міндетке немесе ата-аналар арасындағы жарысқа айналмауы тиіс екенін ескертті.

«Ең бастысы гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек», делінген министрлік хабарламасында.

Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашылық жасамауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және ата-аналарға мұндай талап қоймауы тиіс.

БЖБ мен ТЖБ алынып тасталды: бастауыштағы бағалау қалай өзгереді?

Жаңа оқу жылындағы негізгі өзгерістердің бірі бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне қатысты. Енді БЖБ мен ТЖБ алынып тасталып, оның орнына аралық бағалау енгізіледі.

Әр бөлім аяқталғаннан кейін сол бөлім бойынша аралық бағалау жүргізіледі. Ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ болмайды. Нәтижесінде тоқсандық бағаның 50 пайызы формативтік, қалған 50 пайызы аралық бағалаудан құралады.

Бағалау тапсырмаларының мазмұны да практикалық бағытқа өзгереді. Тілдік пәндерде диктант, мазмұндама, шығарма мен оқу сауаттылығына, математикада математикалық сауаттылыққа, ал жаратылыстану мен дүниетануда зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау және қорытынды шығару дағдыларына басымдық беріледі. Жазбаша жұмыстарды оқушылар енді өз дәптерінде орындайды. Министрлік бұл тәсіл баланың дайын жауапты таңдауының орнына өз ойын жазуына, есептің шешу жолын көрсетуіне мүмкіндік беретінін түсіндірді.

Мектепке боянып келуге тыйым салына ма?

Жаңа оқу жылы қарсаңында қыз балаларға мектепке боянып келуге тыйым салынуы мүмкін деген ақпарат та тарады. Оқу-ағарту министрлігі мұндай бірыңғай тыйым жоқ екенін түсіндірді.

«Сабаққа боянып келуге қатысты нақты талап жоқ. Дегенмен, мектептердің ішкі тәртіптік қағидалары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының өз жарғылары бар. Бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары өздерінің ішкі тәртіп ережелерінде осы мәселелерді де реттей алады», деді бірінші вице-министр Шынар Ақпарова.

Яғни бұл мәселе әр мектептің ішкі тәртіп ережесінде қарастырылуы мүмкін. Ал мектеп формасына қатысты міндетті талаптар сақталады. Форманың түсі мен үлгісі ата-аналармен келісіліп, қамқоршылық кеңесінің қатысуымен айқындалады және білім беру ұйымының шешімімен бекітіледі.

Сабақ кезінде смартфондарды пайдалануға шектеу қойылады

Жаңа оқу жылынан бастап мектепте смартфон қолдану тәртібіне де өзгеріс енгізіледі. Жаңа талап бірінші кезекте 1–7 сынып оқушыларына қатысты. Сабақ кезінде оқушылар смартфондарын арнайы орынға тапсыруы немесе сөмкесінен шығармауы керек. 

Бұл смартфондарды мектепте пайдалануға толық тыйым салынады деген сөз емес. Шектеу негізінен сабақ пен оқу процесі кезінде телефон қолдануды реттеуге бағытталған. Ал білім беру мақсатында планшеттерді пайдалану жоспарланып отыр. Жоғары сынып оқушылары үшін ерекшеліктер қарастырылуы мүмкін. Себебі кейбір пәндерді оқыту барысында онлайн-платформалар қолданылады.

Мектеп бағдарламасына жаңа курстар енгізіледі

2026–2027 оқу жылынан бастап білім беру бағдарламасы бірнеше міндетті курспен толықтырылады. 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11 сыныптарда «Заң және Тәртіп», ал 5–11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курстары оқытылады. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» енді барлық оқушы үшін міндетті болады. Сонымен қатар үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылып, қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.

Жасанды интеллект мектептерге енгізіледі

Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы – жасанды интеллект технологияларын орта білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен енгізу. Осы бағытта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертіледі. Сонымен қатар жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу бойынша 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді.

1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша пилоттық жоба басталады. Пилоттық кезеңде жобаны 500 шағын жинақты мектепке, ал 2029 жылға дейін еліміздегі 2 600 шағын жинақты мектепке дейін кеңейту жоспарланған.

Оқушыларды медициналық тексеру тәртібі өзгерді

30 тамыздан бастап балаларды профилактикалық медициналық тексерудің жаңа тәртібі күшіне енді. Енді тексерулер баланың жасына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Медицина қызметкерлері балалардың бойы мен салмағын өлшейді. Бес жастан бастап дене салмағының индексі есептелсе, алты жастан бастап қан қысымы өлшенеді. Сонымен қатар плантография жасалып, қандағы оттегі деңгейі тексеріледі. ЭКГ 10, 14, 15 және 16 жаста жүргізіледі.

Педиатр немесе жалпы практика дәрігері баланың жалпы жағдайын, физикалық және психикалық дамуын, сондай-ақ ағзадағы негізгі жүйелердің жұмысын бағалайды.

10 жастан бастап жыныстық даму көрсеткіштері де бағаланады. Ал қыздардың 12, 14 және 16 жасында репродуктивті денсаулығына қосымша тексеру жүргізіледі. Қажет болған жағдайда бала бейінді маманға жіберіледі. Жаңа ережеге балаларға қатыгездік көрсету белгілерін анықтау да енгізілген. Медицина қызметкерлері жарақаттарға, күйік іздеріне, сондай-ақ балаға қажетті күтім, тамақтану, медициналық көмек немесе қауіпсіздік қамтамасыз етілмеуінің белгілеріне назар аударады.

Медициналық тексеру нәтижелерін ата-аналар цифрлық медициналық жүйелер мен мобильді қосымшалардан көре алады.

Мектептердегі қауіпсіздік күшейтілді

2026 жыл ІІМ жүйесінде «Балалар қауіпсіздігі жылы» болып жарияланды. Осыған байланысты жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

ІІМ мәліметінше, 7 656 жалпы білім беретін мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 283 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Полицияның жедел басқару орталықтарына 7 159 оқу орны қосылған.

Осылайша, 2026–2027 оқу жылындағы өзгерістер тек оқу бағдарламасымен шектелмейді. Бағалау жүйесі, смартфон пайдалану тәртібі, медициналық тексеру мен мектеп қауіпсіздығына қатысты талаптар да жаңарды.

Қазір оқып жатыр

Атырау облысында 12 мың орындық 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді

Атырау облысы жаңа оқу жылы

Ресей «Байқоңыр» мен әскери полигондарды жалға алғаны үшін Қазақстанға 64,8 млрд теңге төлейді

«Байқоңыр» кешенін жалдау ақысы

Қазақстандықтарға «неке мерзімін ұзарту» туралы жалған хабарлама тарады

хабарлама

Тоқаев ШЫҰ Су мәселесін талдау орталығын құруды ұсынды

су қауіпсіздігі