5 Тамыз 16:46
...

Жаңа бағыттар мен визит-орталықтар: Түрген шатқалында туризм қалай дамып жатыр?

Batan визит-орталығы
Фото: instagram.com/visit.batan
Алатаудың бөктері табиғаттың таңғажайып туындыларына тұнып тұр. Әсіресе, қарлы шыңдары мен мөлдіреп аққан өзендері, сыңғырлаған бұлақтары жанға сая, көңілге медеу. Бұл өлкеде көз жетпес кең жазира даладан бастап, көкпен таласқан асқар тауға дейін табиғаттың алуан сұлулығын өз бойына сыйдырған.

Осынау көркем өңірдің сұлулығына сүйсініп, таза ауасын кең тыныстау үшін келетін туристердің саны жыл сайын артуда. «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан Түрген шатқалы да туристер арасында танымал.

Түрген шатқалы – Іле Алатауының ең ұзын, әрі кең шатқалы. Шатқал Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы аумағында Түрген ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 11 шақырым қашықта, ал Алматы қаласынан шығысқа қарай 70 шақырымдай жерде орналасқан. 

Туристердің жайлығы үшін бұл маңда екі визит-орталық ашылған. 

                                                             Turgensai визит-орталығы

Turgensai Іле-Алатау ұлттық паркінің картасындағы екінші визит-орталық. Мұнда жергілікті және шетелдік туристер ұлттық парктің қызметі, табиғаты мен ережелері жайлы толыққанды мәлімет алып, сапарын жалғастыра алады. Кешен аумағында дәріс залы, кәдесый дүкені, тамақтану орны, сондай-ақ балаларға арналған ойын алаңы қарастырылған. Бұл жерді демалысты тиімді өткізуге арналған қолайлы инфрақұрылым деп атауға да болады. Табиғат аясына сапарлайтындар үшін тынығып, бағыт-бағдар алатын маңызды аялдама іспетті. Визит орталықтан бастап биіктігі 30 метр Аю сарқырамасына дейін жаяу жетуге болады. Сондай-ақ, туристерге «Қайрақты» сарқырамасы, Шынтүрген мүк шырша ормандары, Сиверс алмасының резерваты сияқты басқа да табиғи объектілер тиіп тұр.

Turgensai визит-орталығы
Фото: NEGE

«Turgensai визит-орталығы 2022 жылы ашылды. Былтыр 10 мыңа жуық саяхатшы келді. Визит-орталықтың негізгі мақсаты табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақыру, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу, қызмет көрсету. Туризмді дамытудың маңызды факторларының бірі қоғамдық әжетхана. Бұл жерде кішігірім эко-қонақ үй бар. Сонымен қатар ұлттық парктің арнайы кәдесыйлары қойылған. Визит-орталық темір конструкциядан құрастырылған. Табиғатқа зиян болғандықтан бетон-фундамент қолданбадық. Орталық маңындағы соқпақ жолдардың барлығы келушілерге ыңғайлы етіліп жасалған. Айналасында отырып, демалуға болады», – деді «Туранга Групп» ЖШС бас директорының орынбасары Тілек Әділжанов.

Turgensai визит-орталығы
Фото: NEGE

Helios компаниясы Түрген шатқалында инвестициялық қаражатқа «Сиверс алмасын» сақтап қалу, оның қорын зерттеу бойынша кішігірім мұражай салып, қарау алаңдары, ғылыми соқпақты ашуды жоспарлап отыр. 

Turgensai визит-орталығы
Фото: NEGE

«Былтырғы жылы бізде Helios компаниясымен бірге үлкен акция өткіздік. Жанармай құю бекеттерінде сатылған әрбір кофенің 30 теңгесі арнайы есепшотқа түсіп отырды. Былтыр демеушілік есепшотқа 6 млн теңге түсті. Оның барлығын біз ғылымға жұмсап жатырмыз. Түскен қаражатқа зертхана аштық. Зертханада жойылып бара жатқан өсімдіктердің толық генетикасын сақтай отырып, қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын жүргіздік», – деді Іле+Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Арқау Шантаев. 

Turgensai визит-орталығы
Фото: NEGE

«Helios» компаниясы Бас директорының орынбасары Сергей Плисактың айтуынша, жаңа туристік маршрут келесі жылы Іле-Алатау ұлттық паркінің отыз жылдығына орай ашылмақ. 

«Жаңа маршрутпен қоса, қорық аумағында ғылыми визит-орталық пен бақылау алаңы және өмірін алма ағашын зерттеуге арнаған елімізге белгілі академик Аймақ Жанғалиұлына арналған мұражай салынатын болады. Алаңнан туристер көктемде жабайы алманың гүлдеген керемет көрінісіне тамсана алады. Ал, мұражай біздің визит-орталықтың басты нысаны көркі болмақ. Бұл жұмыстардың барлығын «Helios» компаниясы жеке инвестиция есебінен іске асыратын болады. Баршаңызға белгілі, Сиверс алмасы – Солтүстік Тянь-Шаньдағы ең көне өсімдіктердің бірі және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бірегей алма. Біздің компания жәй ғана туристік емес, ғылыми туризмді дамытуға өз үлесін қосып отырғанына, әлем ғалымдарының жабайы алманың генотипін зерттеуіне ықпал етіп, бірегей Сиверс алмасын болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуына жағдай жасауға өз үлесін қосып отырғанына өте қуанышты», – деп атап өтті Сергей Плисак.

       

Turgensai визит-орталығы
Фото: NEGE

                                                           Batan визит-орталығы

Batan визит-орталығы ұлттық парктің бай табиғатымен таныстыру және Түрген шатқалындағы ерекше табиғи нысандарға саяхаттаудың бастапқы нүктесі ретінде жұмыс істеу мақсатында ашылған. Бұл орталық Алматы қаласынан 80 шақырым қашықта, көркем табиғатымен және табиғи ескерткіштерімен танымал Түрген шатқалында орналасқан.

Batan визит-орталығы
Фото: NEGE

«Batan визит-орталығының басты ерекшелігі жоғары қарай Асы жайлауы бар. Визит-орталық 2023 жылы ашылды. Бұл жерге келетін туристер өте көп. Осы жерде туристерге арнайы ақпарат беріледі, қызмет көрсетіледі. Орталық табиғатқа еш зиян келтірмей жасалған», – деді «Туранга Групп» ЖШС бас директорының орынбасары Тілек Әділжанов.

Batan визит-орталығы
Фото: NEGE