1 Маусым 18:56
...

Болат Жәмішев «Назарбаев қоры» туралы НЕГЕ жақ ашпады?

Фото:

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев журналистердің сауалына жауап берді. 

Nege.kz порталының тілшісі жолдаған сауалға қор басшысы қинала-қинала пікір білдірді. Өйткені сұрағымыз «Назарбаев қорына» қатысты еді.

Тілшіміз қор басшысы Болат Жәмішевтен «Нұрсұлтан Назарбаев» қорының «Қазақстан халқына» қорына қанша қаражат аударғанын сұрады. Алайда қор басшысы жалтара сөйлеп, «бас жаққа» барысқысы келмейтіндей сыңай танытты. Жауабы төмендегідей болды: 

«Мұны сайттан қарап алыңыздар. Сол жерде «Қазақстан халқына» қорына ақша аударғандардың толық тізімі көрсетілген. Ол жерде оншақты ірі ақша аударымдары бар, сонымен қатар 100-ден астам адам қорға қаражат салды. Олардың барлығын атап отырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сол себепті біздің сайтымызды қарап шығыңыз. Толық тізімді сол жерден табасыздар»

«Назарбаев қорын» тізімнен таптық. Аты мен атағы дардай қор елеусіздеу жерде тұр екен. «Қазақстан халқына» қорына 500 млн теңге аударыпты. 50 млн теңгеден 500 млн теңгеге дейін ақша аударған заңды тұлғалар тізімінде соңында тұр. 

Фото: qazaqstanhalqyna.kz   

Н.Назарбаев 12 млрд аударған өз қызы мен күйеубаласын былай қоғанда, «сенімді серігі» Б.Өтемұратов (10 млрд) пен И.Тасмағамбетовтің қызы мен күйеубаласынан (1 млрд) да қалып қойыпты. 

Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл әулетін қосып есептеп отыр деп топшылайын десек, әркімнің «қазан-ошағы» бөлек емес пе?..  

«Қазақстан халқына» қорының басшылары алғашында әр тиынның қайда жұмсалғаны туралы есеп беріп отыратын. Қазір өйтпейтін болды. НЕГЕ? Бұл сұраққа қор төрағасының орынбасары Ләззат Чинкисбаева жауап берді. 

«Кімге қандай көмек көрсетілетіні біздің ресми сайтымызда жазылып тұрады. Біз ол жерге тек қана аты-жөнін жазбаймыз. Өйткені оның өзінің ID нөмірі бар. Кімге қандай көмек көрсетілгені ID нөмір арқылы көрініп тұрады. Біздің бүгінгі айтып кеткен жобаларымыз бен бағдарламаларымыз енді басталып жатыр. Келісімшарттарға енді отырып жатырмыз. Жұмсалып жатқан қаражаттардың барлығы міндетті түрде жазылып тұрады. Біз жұмсап жатқан ақша туралы БАҚ өкілдеріне хабарлап отырамыз», – деді ол.

Тегтер: