Жамбылда «жаны қысылған» оқушылардың мәселесі толық шешілген жоқ

Былтыр Тараз қаласының мектеп дәретханасында 12 жастағы оқушы қыз зорланып, талайдың денесін түршіктірген еді. Сырттағы дәретханаға сұранып шыққан қызбаланы көріп, 38 жастағы азғын арам пиғылын жүзеге асырған. Алайда, қылмыс жасамас бұрын бір сағат бойы мектеп аумағында торуылдап жүрген бейтаныс адамды ешкім байқамаған.
Неге екені белгісіз, шағын қалалар мен ауылдардағы мектептердің ішіндегі дәретханаға оқушыларға кіруге рұқсат жоқ. Оның кілті тек мұғалімдердің қолында ғана болады. Әсіресе, күн жылыған кезде мүлдем тарс жабық дей беріңіз. Тіпті, қыстың көзі қырауда да балалар дірдектеп далаға шығып келеді. Неге? Бәлкім, еден жуушы дәретхананы қайта-қайта жуып-сүрту жұмысынан қашатын шығар? Қалай болғанда да, сол жұмысқа орналасты ма, тазалау – басты міндеті. Ал мектеп ұжымы бұдан хабарсыз емес. Тіпті, іштегі дәретхана есігін құлыптап қоюға мектеп директорының өзі бұйрық берсе, таң қалмаймыз.
Осы оқиғаның салдарынан Жамбыл облысының атқамінерлері аяғынан тік тұрды. Бас-аяғы 12 адам қызметімен қош айтысты. Атап айтқанда, мектеп директоры, қызды сабақтан жіберген мұғалім, кезекші ұстаз, вахташы мен оқу ісінің меңгерушісі, мектеп инспекторы қызметінен босатылды. Бұл тізімде облыстық Білім басқармасының басшысы мен Тараз қаласының әкімі де бар.
Бұдан кейін Жамбыл облысы мектептері аумағындағы дәретханаларды жою мәселесі көтеріліп, бірнешеуі бұзылды. Одан кейін қалған нысандар да жойылады деп есеп берілді. Бірақ олар тек көзбояушылық жасаған деген мәлімет те жоқ емес.
Былтыр жыл соңындағы тексерістен кейін Жамбыл облысы бойынша 442 мектептің 260-ының әжетханасы далада орналасқаны анықталды. Ал оларды мектеп ішіне орналастыру үшін 600 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылса, жаңа оқу жылында камералармен жабдықтауға 54 миллион теңге бөлу көзделген.
Сол кезде Жамбыл облысы әкімдігі: «260 әжетхана мектептен тыс аумақта орналасқан. Ауыл мектептерінің бірінші қабатында орын тапшы болғандықтан біз енді қосымша жапсарлас нысандар саламыз. Бүгінгі таңда бұл 560 миллион теңге қаржыны қажет етеді», – деген болатын.
Мектеп ауласындағы дәретханаларды бұзып, ішіне орналастыру жұмысы орындалды ма? Әлде, коронавирус індеті жоспарды кейінге шегерді ме? Nege.kz тілшісі осы мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған. Жауап төмендегідей:
«Қазір Жамбыл облысындағы 285 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 182 мектептің санитарлық тораптарын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталды. 80 мектепте аталған жұмыстар 1 қыркүйекке дейін, тағы 23 білім ошағында 10 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланған. Одан бөлек мектеп сыртындағы әжетханаларды ғимарат ішіне кіргізу бойынша жұмыстардың жүргізілуіне байланысты мектеп ішіндегі және сыртындағы бейнебақылау камераларының жұмысына сараптама жүргізілуде. Жалпы облыстағы мектептер мен балабақшаларда 100% бейнебақылау камералары орнатылған. Облыс бойынша 442 мектепте – 5977 дана, 411 балабақшада – 4245 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Ал дәретханаларға бейнебақылау камералары қойылмайды».
Сондай-ақ, облыста 5 апатты, 9 үш ауысымды, 8 орын тапшылығы бар мектептер бар екен.
«Биыл облыстағы 21 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында Жамбыл ауданы Түрксіб ауылында 300 орындық 1 мектеп пайдалануға беріледі. Ал 7 мектептің және 3 мектепке қосымша ғимарат құрылыстары жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады. Яғни, жыл соңына дейін апатты жағдайдағы 3 мектептің, үш ауысымда жұмыс істейтін 1 мектептің, орын тапшылығы бар 3 мектептің, тозығы жеткен 2 мектептің мәселесі шешіледі. Қалған 2 апатты, 8 үш ауысымды, 5 орын тапшылығы бар мектептердің мәселелері 2021-2022 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі. Тараз қаласында 1278 орынға жаңа 4 мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар, облыс бойынша 42 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 23 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 13 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызда, 6 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары келісім-шартқа сәйкес 30 қыркүйекте аяқталады деп күтілуде», – делінген жауап хатта.
Айтпақшы, былтыр жыл соңында Алматы облысы, Үштөбе қаласындағы М.Горкий атындағы орта мектепте болған жайсыз жайт талайдың шамына тиген еді. Үлкен дәретке барғысы келген 2 сынып оқушысының әжетханаға кіруіне тыйым салып, салдарынан қыз бұтына жіберіп, бүкіл сыныптастарының алдында ұятқа қалғаны бар. Себебі, мектеп ішіндегі дәретханаға тек кіші дәретке отыруға рұқсат екен. Осындай бассыздықтың кесірінен бастауыш сынып оқушысы бұтына жіберсе, 7 сынып оқушысы зорлықшыл қылмыскердің қолына түсті. Сонда мектептегі дәретхананың «тазалығы» оқушы құқынан жоғары болғаны ма?