Жамбыл облысында негізсіз төленген 147,1 млн теңге бюджетке қайтарылды
Алматы, NEGE. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша 119 млн, спорт саласы 17,9 млн, әлеуметтік саласы 3,8 млн және субсидиядан 6,4 млн. теңге, бәрі негізсіз төленген қаражаттар болғандықтан бюджетке қайтарылды.
«Енгізілген ұсыныстардың нәтижесінде қосымша қаражат бөлінбестен 2,8 км ұзындықтағы қабырғалары бұзылған «Райс» каналының ені 2 метрден 3,5 метрге кеңейтіліп, Жамбыл ауданындағы 62 шаруа қожалығы суармалы сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы және бизнеске арналған 938,6 гектар жер учаскелері, Сібір жарасы ошағы жанында орналасқан 24 гектар жер учаскелері мемлекеттік қорға қайтарылды. Және жекеге өтіп кеткен «Айша бибі» су добы Клуб» ЖШС мемлекетке қайтарылып, оның меншік нысаны «КММ» болып өзгертілді. Әлеуметтік саладағы 140 қоғамдық жұмысқа тартылған адамдар нақты жұмыс жасамағаны белгілі болып, олармен келісім шарт бұзылу арқылы 73 млн төленуге тиіс ақша үнемделді», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров.
Және тұрғын үй қатынастары саласындағы мониторинг нәтижелері бойынша облыстың 4 ауданында тұрғын үй алуға негіз болмаған 474 азамат тізімнен шығарылған. Бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы тауар мен қызметтердің сатып алуы барысындағы баға жоғарылауына жүргізілген мониторингпен 937 млн теңге бюджет қаражаты үнемделді.
«Бизнеске жол» жобасы шеңберінде ауыл шаруашылығын субсидиялау, әлеуметтік қорғау және жер салаларындағы жүйелі тәуекелдер жойылып 815 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Волонтерлардың жұмысын үнемі үйлестіру арқылы жетілдіруде. Осылайша, қоғамдық бақылау аясында еріктілердің күшімен 13 әлеуметтік нысандардағы кемшіліктер жойылды, 197 млн теңгеге сатып алынатын тауарларды негізсіз асыра бағалауға жол берілмеді, 920-дан астам азаматқа консультациялық көмек көрсетілді.
Жалпы алғанда жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мақсатында 248 іс шара өткізіліп, департаменттің бастамасымен қазан айынан «Парасат елшісі» республикалық байқауы бастама алды.